Қазақстандық әнші Әділхан Макин «Славян базарында» жеңіске жетті – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Қазақстандық әнші Әділхан Макин Витебскіде өткен «Славян базары-2019» халықаралық фестивалінде Гран-приді иеленді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Жүргенов атындағы өнер академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстандық әнші Әділхан Макин

«Сүйінші, қазақ елі! Қазақстан өнерінің абыройы тағы бір мәрте асқақтап, «Славян базары-2019» xалықаралық фестивалінде мемлекетіміздің намысын қорғаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Эстрада өнері» факультетінің 4-курс студенті Әділхан Макин Гран-приге ие болды. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, мерейімізді тасытқан өнер жеңісі құтты болсын! 

Осыдан дәл төрт жыл бұрын «Славян базары-2015» xалықаралық фестивалінде Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-приді жеңіп алып, ал 2017 жылы Ернар Садырбай І-ші жүлдеге ие болған еді. Витебскіде Димаш Құдайберген бағындырған биік биыл Әділxан Макиннің жеңісімен жаңғырды», – дейді өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров. 

Өз сөзінде Маемиров Әділхан Макиннің қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған миллиондаған фестиваль жанкүйерлерінің таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленгенін атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы ақын Абай атамыздың 175 жылдығына арналған өлең оқу эстафетасы туралы көрермендерге қазақ тілінде xабарлап, «Славян базары» фестивалінің үлкен саxнасында Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін арнайы орындады», – дейді Асхат Маемиров.

Ректордың сөзінше, Әділxан 2-кезеңде де үміткерлердің көшін бастап, қорытындысында 178 ұпай жинап, қатарластарынан оқ бойы озып, суырылып алға шыққан. 

«Беларусь, Ресей, Германия, Швейцария, Болгария, Мальта, Израиль, Қытай, Латвия, Украина, Польша, Литва, Грузия, Армения, Молдова секілді мемлекеттердің айтулы эстрада әншілерінің ортасында топ жаруы еліміздегі өнер мен мәдениет саласындағы кәсіби үрдістің биік деңгейде екендігін көрсетеді», – дейді ол. 

stan.kz

Загрузка...