Қазақстанда ҰБТ басталды

0

Бүгін, 20 маусымда Қазақстанда мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсу емтиханы — Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру басталды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ҰБТ биыл 20-30 маусым аралығында 169 пунктіде өтеді.

18 маусымда Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысында Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Биыл ҰБТ-ға барлығы 117 242 адам қатысады, оның 96 мыңнан астамы биыл мектеп бітірген түлектер» деген. Оның айтуынша, ҰБТ-ға биыл жалпы білім беретін мектепті тәмамдаған оқушылардың 72 пайызы, сонымен бірге колледж түлектері мен мектепті бұған дейін бітіргендер де қатысады.

Аймағамбетов биыл мемлекет бакалавриатқа — 53 758, магистратураға — 13 000, докторантураға 2312 грант бөлетінін мәлімдеді.

Министр биылғы ҰБТ сұрақтарының 30 пайызға жуығы жаңартылғанын, тест материалдары құпия жағдайда аймақтарға жеткізілгенін айтты. Министрдің сөзінше, ҰБТ өтетін аудиториялардың барлығына мобильдік байланысқа қарсы құрылғылар және бақылау камералары орнатылған.

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, ҰБТ-ға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі биылдан бастап Қазақстанда ҰБТ төрт рет — қаңтар, наурыз, маусым және тамызда өтеді деп хабарлаған. Былтыр балалары білім грантына ілінбей қалған кей ата-аналар наразылық білдірген.

Azattyq