“Қашанғы осылай жүре береміз?”: Мәди Манатбек неліктен елден кеткісі келгенін айтты – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Белгілі журналист Мәди Манатбек әлеуметтік желіде ашынған аналардың жан айқайына қатысты пост жариялап, пікір білдірген еді. Парақшасында “ыңғайсыз да болса айтайын, бұл елден кету керек деп жүргендердің бірі өзім”, – деп жазған танымал журналист Stan.kz тілшісіне бұны айтудағы өз ойын жеткізді.

Madi

Күні кеше Мәди Манатбек инстаграм және фейсбук желісіне жазған посты оқырмандар тарапынан қызу талқыға түсіп, қолдау тауып жатыр. 

Өз парақшасында: “Ыңғайсыз да болса айтайын, бұл елден кету керек деп жүргендердің бірі өзім. Ең болмаса ұлттық руһы жоқ астанадан қашу керек. Өйткені әр саладағы жемқорлықты айтып, қазақ тілі үшін, ұлттық ұстаным, мемлекеттілік үшін ашық күресіп, соттасып та көрдім. Ашық күрес қауіпті болғасын жан-жаққа жазып, үлкен кісілерге айтып, көзін жеткізгендей болып та жүрмін. Бірақ еш нәтиже, титтей де өзгеріс байқай алмай келем. Үнсіз де күресіп көрдім, өнетін түрі жоқ. Әлі кеңес заманында тұрып жатқандаймыз”, – деп жазды журналист. Бұдан бөлек орыс тілді басшылардың саны көбейіп бара жатқанына күйінген Мәди Манатбек оқырмандарына қайда бара жатырмыз, кімнен сескенеміз деп сұрақ тастады.

“Аналардың айқайынан қорқып, жәрдемақы беретін болған еді, ол да әдірәм қалды. Әйтеуір елді сабылту, сабырын алу. Шәугімді отқа қойсаң, қайнап, тасиды. Ел де, қоғам да солай”, – деп видеодаға ананың жанайқайын түсінетіндігін айтып жеткізді. 

 


Мәди Манатбектен шынымен елден кетуге шешім қабылдадыңыз ба деп өзінен сұрағанымызда:

“Өз елімізден безініп қайда барамыз. Ол шешім емес, көңіл-күй ғой. Елдегі оқиғалар, әлеуметтік мәселелер, жемқорлық, рушылдық, жершілдік сынды қордаланған мәселелерге көңілім толмайды. Елдің патриоты ретінде менің өзім елден кеткім келсе, онда қалғанына не жорық деген ой менікі. Өйкені, менің туысқандарым, іні деп жүрген бауырларым, мен танитын қарындастар, әпкелер барлығы шет елде жүр.

Біз әр қазақтың үйінде екі өзбек, қырғыз деп мақтанамыз. Осы не сөз? Өзбекті жұмсадым, қызғызды жұмсадым деген не мақтаныш, құдай-ау. Ол сенің көршің, бауырың. Осы мақтаныш па біреуді біреу жұмсады деген. Сосын біз айтамыз қырғыз өзбек Қазақстанда қаңғып жүр деп. Шын мәнінде қазақтар өз елінде қаңғып, босып қалды ғой. Осы ойларды жеткізу үшін ашынып айтқан сөзім еді”, – деп өз ойын шегелей түсті. 

Сондай-ақ журналист қазір орын алып тұрған кейбір саяси және қоғамдық жағдайлардың ушығып тұрғандығын ашық айтты. 

“Барлығымыз қызмет қуамыз, жағдай жасаймыз деп шындықты ашып айта алмай қалдық. Қашанғы осылай жүре береміз? Ел қашанғы төменге кете береді. Жан-жағымыздың бәрі дамып жатыр, өсіп жатыр. Біз ше? Әлі сол феодализм заманында өмір сүріп жатқандаймыз. Әлі сол он жеті- он сегізінші ғасырда өмір сүріп жатқан сияқтымыз. Мысалы, бір министрдің төрт орынбасары бар. Оның төрт кеңесшісі бар. Әр орынбасардың екі кеңешісі бар. Не деген бітпейтін қызметтер бұл?”, – деп биліктегі олқылықтардың бір шетін қайырды. 

Мәди Манатбек елден кетпесе де елордамызда ендігі тұрақтамайтынын айтты. Еліміздің ыстық өңірлері Алматыға немесе Шым қалаға қоныс аударуды жоспарлап жүргенін жасырмады. Елден қашып кету ойда жоқ екенін, көппен көрген ұлы той екенін айтуды ұмытпады.



stan.kz

Загрузка...