Қарағандыда жемқорлықпен күрес агенттігі қызметкерлерінің соты басталды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық сотында бүгін, 15 шілдеде жемқорлық бабымен қозғалған іс қарала бастады. Айыпталушы ретінде сотқа тартылғандар арасында бірнеше шенеунік, жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюро қызметкерлері бар. Оның ішінде сот аяқталғанша қызметінен шеттетілген, Балқаш өңірі бойынша жемқорлықпен күрес бөлімінің бастығы бар. Айыптаушылар оны «лауазымын асыра пайдалану, теріс мақсатта қолдану» бабымен күдікке ілген. Ал оның қол астындағы қызметкері «жедел тергеу материалдары мен айғақтарды қолдан жасады» деп айыпталған.

Істі судья Арғын Құтышев қарап жатыр. Сотқа тартылғандар арасында Балқаш тұрмыстық-коммуналдық шаруашылығының қызметкері, «Су Жылу Транс» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры, сондай-ақ балқаштық үш кәсіпкер бар.

Тергеуді жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Қарағанды бойынша департаменті жүргізген. Айыптаушылар дерегінше, күдіктілер қылмысты 2016-2017 жылдары жасап, мемлекетке миллиондаған зарар келтірген. Тергеу материалында «сотқа тартылғандар коммуналдық салаға бөлінген бюджет қаржысын жалған келісімшарт жасау арқылы жымқырған» деп жазылған. Прокурорлар дерегінше, жемқорлықпен күрес бөлімінің күдікке ілінген қызметкерлері бұл туралы біліп, оларды жасырған.

Кәсіпкердің бірі және коммуналдық кәсіпорын директоры кінәсін ішінара мойындады. Басқалары айыптарды жоққа шығарады. Адвокаттың көбі сот тыңдауы кезінде БАҚ өкілдерінің залға кіруіне қарсы болды. Судья тілшілерге ішке кіруге рұқсат бергенімен, «құпия деректер жарияланғанда» сотқа қатысуға рұқсат етілмейтінін айтты.

Келер сот отырысы 22 шілдеде өтеді. Сол күні куәгерлер тергеледі деп жоспарланған.

Бұл Қарағандыдағы Ұлттық бюро қызметкерлерінің басы дауға қалған алғашқы жағдай емес. Былтыр жазда Қарағанды облыстық жемқорлықпен күрес агенттігінің жедел басқару бөлімінің жетекшісі ұсталғаны хабарланған. Ол 30 мың доллар көлемінде пара алды деп күдікке ілінген. Іс әлі сотқа жеткен жоқ, қазір прокуратура қарауында жатыр.

Azattyq

Загрузка...