Президентке бағынатын орган басшылары жаңа тағайындауларға дейін қызметін жалғастыра береді

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік органдардың басшылары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс әкімдері жаңа тағайындауларға дейін жұмыстарын жалғастыра береді. Бұл туралы қаулыға 12 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

«Қазақстан президенті туралы» заңға сай, жаңадан сайланған президент қызметіне кіріскен кезде президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары өкілетін тоқтатады.

Қазақстан Конституциясына сәйкес, жаңадан сайланған президент қызметіне кіріскен кезде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері де қызметін тоқтатады

Тоқаев қаулысында өзіне бағынатын мемлекеттік органның басшылары жаңа тағайындауларға дейін өз міндеттерін атқаратынын мәлімдеді.

12 маусымда Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіз сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.

Тоқаевты ұлықтау рәсімі елде билікке қарсы азаматтардың наразылығы күшейген тұста өтіп жатыр. Осы күні бас прокуратура бейбіт митинг туралы заң ережесін бұзғандар жауапқа тартылатынын кезекті рет рет ескертіп, мәлімдеме жасады.

Қазақстан азаматтары президент сайлауына дауыс берген 9 маусымда және сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланған келесі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, ресми мәлімет бойынша, 700-ге жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын «тым азайтып көрсетті», ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған. Билік ешқандай мәлімет бермей отырған ұсталған азаматтардың аты-жөнін анықтаумен еріктілер айналысып жатыр.

Құқық қорғаушылар биліктен полицияның 9 және 10 маусымда азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытуы мен «азаматтардың құқығын жаппай бұзу» фактілерін, соның ішінде бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап еткен.

10 маусымда Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың «өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр» деп мәлімдеді.

Azattyq

Загрузка...