Польша премьері: Путин сталинизмді ақтағысы келеді

0

Иосиф Сталиннің саясатынан өзгелерге қарағанда Ресей халқы қатты зардап шеккен, сондықтан тоталитарлық идеологияның озбырлығы туралы шындықты ұмытпауы керек. Ресей тұрғындары тіпті президент Владим Путин сталинизмді ақтауға тырысса да осыны жадында сақтауы керек. Бұл туралы Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий мәлімдеген. Оның сайтында мәлімдеменің орыс тіліндегі мәтіні жарияланған.

Моравецкий бұл мәлімдемесін Ресей президентінің Екінші дүниежүзілік соғыс қалай басталғаны туралы айтқан сөздеріне жауап ретінде жасады. Путин жыл сайынғы дәстүрлі баспасөз мәслихаты барысында жақын арадаы Молотов-Риббентроп пактісі мен соғыстың себебі жайлы мақала жариялатынын айтып, кейін осы тақырыпты ТМД саммиті мен Қорғаныс министрлігінің алқа отырысында талқылаған.

Путин сөзінде Германия Чехословакияны бөліске салған кезде онымен ауызжаласты деп Варшаваны сөгіп, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Польшаның Берлиндегі елшісі болған Юзеф Липскийді «антисемиттік шошқаға» теңеген және совет әскерінің 1939 жылы Польшаға басып кіргенін ақтап, «ол кезде Польша үкіметі биліктен айырылып қалған» дейтін совет пропагандасының тезистерін қайталаған болатын.

Путиннің сөзі Польшада ғана емес, Ресей қоғамында да қатты сынға қалған. Маровецкий бұл жолғы мәлімдемесінде Ресей президентінің Польшаға жала жабуға осымен бірнеше мәрте талпынғанын айтқан. «Ол үнемі әдейі осылай істейді. Әдетте мұндай жағдай Мәскеудегі билік өз іс-әрекетіне байланысты халықаралық қысымды сезінген кезде қайталанады» дейді саясаткер.

«Левада-центр» әлеуметтану ұйымы биыл сәуірде жариялаған сауалнама қорытындысы бойынша, Ресей тұрғындарының 70 пайызы Сталиннің тарихтағы роліне оң баға берген. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың жартысына жуығы совет кезіндегі қуғын-сүргінді ақтауға болады деп санайтынын айтқан. Бұл осындай сауалнама өткізіліп келе жатқан уақыттағы рекордты көрсеткіш.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз