Полиция Шымкентте «қарумен әскерден қашып кеткен» кіші сержантты іздестіріп жатыр

0

19 ақпаннан 20 ақпанға қараған түні Шымкент маңындағы әскери бөлімшелердің бірінде келісімшартпен қызметін өтеп жүрген кіші сержант 24 жастағы Абылай Балғынбай қашып кеткені хабарланды. Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, ол өзімен бірге қару-жарақтар да алып кеткен.

Министрліктің дерегінше, «Балғынбай рота бойынша кезекші болып жүріп, қашып кеткен. Кейін әскери бөлімшеде қару-жару жарақтардың да жоғалғаны анықталған».

Бас әскери прокуратура қару-жарақ жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Ал Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, Шымкент қаласы және Түркістан облысы полиция департаменті, Ұлттық гвардия әскери бөлімшеден қашып кеткен кіші сержантты іздеп жатыр.

20 ақпанда WhatsApp мессенжерінде Шымкент маңындағы Балам ауылында орналасқан №10216 әскери бөлімшеден солдат қашып кеткені жайлы хабарлама тараған. Онда әскерден қашқан кіші сержант өзімен бірге 30 Калашников автоматын, 27 Макаров тапаншасын және 429 оқ алып кеткені айтылған.

Қорғаныс министрлігі кіші сержант Абылай Балғынбайдың өзімен қанша қару-жарақ алып кеткенін ашып айтпады.

Azattyq