Павлодарда өрт шыққан үйден 13 жастағы қыз екі сіңілісін құтқарып алды

0

Павлодар қаласында 13 жастағы мектеп оқушысы өртке оранған үйден екі сіңлісін алып шықты. Оқиға салдарынан бір адам көз жұмған. Бұл туралы pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің айтуынша, өрт 21 ақпан күні болған.

«Карл Маркс көшесі 286 мекенжайы бойынша өрт шыққандығы туралы хабар кеше сағат 15:29-да келіп түсті. Жалын 120 шаршы метр аумақты шарпыған. Үйден 27 және 50 литрлік 4 газ баллоны шығарылды. Құтқарушылар 1948 жылғы ер адамның денесін тапты. Өрт сағат 19:51-де толығымен сөндірілді», — деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ, 2005 жылғы мектеп оқушысы екі сіңлісін өрттеніп жатқан үйден алып шыққаны айтылды.

«Қаза болған зейнеткердің 2005 жылғы немересі мектептен келе жатып үйден түтін шығып жатқанын аңғарған. Зейнеткердің қарауында қалған 2015 жылғы екі сіңілісін терезеден шығарып алды», — деді баспасөз қызметі.

Департаменттің хабарлауынша, оқиға орынына жеке құрамның 22 адамы мен 9 техника жұмылдырылған.

Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.