Орынборда жол апатынан қаза тапқандардың арасында ақтөбелік белгілі ұстаз болған (фото) — новости Казахстана

0

Бүгін Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының бірінде Орынбор облысында жол апатынан көз жұмған марқұмдарды еске алу шарасы өтті деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Қаза болғандар қатарында экономика факультетінің оқытушысы Бағдагүл Елубаева болған. Әріптестері марқұмның ерекше адам болғанын айтып еске алды.

«Ол өте ашық, белсенді болатын. Оқу орнында ұйымдастырылған барлық қоғамдық шараның бел ортасында жүрді. Тренинг, семинарлар өткізетін. Әлі күнге дейін шәкірттері, оқытушылармен байланыс ұстап тұрды», — дейді Жұбанов университетінің доценты Елизавета Исибаева.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Бағдагүл Елубаева университеттен бір жыл бұрын өз еркімен арыз жазып шығып кеткен. Таныстары оның жеке бизнеске кеткенін айтады. Марқұм тұрмысқа шықпаған, тірі болғанда желтоқсан айында 41 жасқа толады екен.

«Соңғы кездері денсаулығын күтіп, ем алып жүрді. Өзбекстанға барып емделді. Оқытушылық және заңгерлік мамандықтары бойынша екі дипломы бар. Ол өте жақсы адам болатын. Үнемі барлығына үлгеруге тырысып, асығып жүретін. Ғұмыры осылай қысқа болды. Ертең жұма күні садақасы өтеді», — дейді туысы Мейрамбек Кемал.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

20 жылға жуық оқытушылық қызметте болған Бағдагүл Елубаеваны жерлеу рәсімі Темір ауданы Бірлік ауылында 1 желтоқсан күні өтеді.

Еске сала кетейік, кеше Орынбор облысы Елшанка ауылының тұсында болған жол апатынан бес Қазақстан азаматы көз жұмған еді. Көлік ішінде болған жолаушылар көрші елге сауда жасау мақсатында бағыт алған.