Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдау квотасы белгіленді

0

Қазақстанда оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2020 жылға арналған аймақтық квотасы бекітілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сайтында жарияланған үкімет қаулысына сәйкес, аймақтарда оралман квотасы — 1378 адам, қоныс аударушылар квотасы 4750 адам болып белгіленді.

11 желтоқсанда парламент мәжілісі «Қазақстан Республикасының көші-қон процестерін реттеу жөніндегі кей заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жолдаған. Жобада «оралман» атауын «қандас» деп өзгерту қарастырылған. Бұл ұсыныс әлеуметтік желіде көпшілік талқылаған тақырыптардың біріне айналды.

Ресми мәлімет бойынша, 2018 жылы Қазақстан азаматтығын 28800 адам қабылдаған. Оның ішінде 1194 адам президент жарлығымен, 27606 адам (соның ішінде 24874 оралман) жеңілдетілген тәртіп бойынша азаматтық алған.

Алайда Қытайдан тарихи Отанына қоныс аударған этникалық қазақтар арасында Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүргендер аз емес.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңда қамалған қазақтар

Azattyq