Өлгеннен кейін донор болуға дайынсыз ба?

0

Қазақстандық дәрігерлер өлімнен кейінгі донорлыққа қолдау көрсету мен ынталандыруды ұсынды.

Елімізде өлгеннен кейін донор болуға қатысты келісімділік презумпциясының бар екенін көпшілік біле бермейді. Яғни, адам емханада донор болудан бас тарту жөніндегі құжатқа қол қоймаса, көз жұмған соң оның органдарын трансплантацияға алуға рұқсат етілген. Бұл норма 2009 жылы Ұлт денсаулығы кодексінде бекітілген екен. Бірақ іс жүзінде күшіне енбей келеді. Өйткені адамдар донор болуға қарсы.

Отандық дәрігерлер осы норманы заңдастыруды ұсынып отыр. Олар адамдардың бұл мәселеге қатысты ой-санасын өзгертудің қажеттілігін де алға тартуда.Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының басшысы Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, мұндай донор кемінде бес адамның өмірін сақтап қалады.

– Адамға оның органдары жер астында да қажет деп санайтындарға айтарым, бұл өте үлкен қателік, – дейді ол.

Климаттық жағдайға сәйкес, адамның органы алты жыл сақталуы мүмкін. Бұл уақыттан кейін сүйек қана қалады. Статистика бойынша, бүгінгі таңда елімізде 2500-нан астам науқасқа бүйрек қажет, ал бауыр ауыстыруға 1700 адам, жүрекке – 150, өкпеге – 10 адам мұқтаж екен. Трансплантацияны қажет ететін ересек адамдардың жалпы саны 4000-нан асады, балалар – 200-ге жуық.

Дереккөз: altaynews.kz