Нұр-Сұлтандағы митингіде ұсталып, Шахтинскіде қамалғандар босап шыға бастады

- Жарнаманы баса кетіңіз -

9-10 маусым күндері Нұр-Сұлтанда өткен митингілер кезінде ұсталып, Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы уақытша ұстау абақтысына қамалғандар босап шыға бастады.

Үш күн қамауда отырған Қайрат Исмаиловтың сөзінше, өзімен бірге митинг кезінде ұсталып, Шахтинскідегі изоляторға қамалған 51 адамның барлығы бүгін босатылып, Нұр-Сұлтанға жіберіледі. Азаттық тілшісінің сөзінше, мекеме маңында босап шыққандарды тасымалдайтын арнаулы автобус тұр.

Исмаилов өздерін полиция әуелде бір жырым күн астанадағы Сарыарқы полиция бөлімшесінде ұстап, 11 маусымда Шахтинскіге жеткізгенін айтады.

– Менің мерзімім бітіп, босап шықтым. Басқа қамалғандарды Бас прокуратурадан хабар келген соң босатып жатыр, – дейді Исмаилов.

9 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен митингіде ұсталғандарды полиция түнімен ұстап, 10 маусымда қаланың сыртына әкеткен. Полиция ұсталғандарды басқа жаққа әкетіп бара жатқаны туралы туысқандарына хабар бермеген. Белсенді Дианара Мұқатова түс кезінде Азаттыққа өзін «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» деп соттаған және бірнеше ұсталған адамдармен бірге автозакпен қаланың сыртына әкетіп бара жатқанын жеткізді. Автозакта отырғандардың бірнешеуі сотқа тартылып, бес тәуліктен 15 тәулікке қамалғандарын жеткізді. Мұқатованың сөзінше, сот ұсталғандарды адвокатсыз соттаған.

Ұсталғандардың бірі ондаған адаммен бірге Ақмола облысы Аршалы ауданы жаққа қарай кетіп бара жатқанын айтты. Аты-жөнін айтудан бас тартқан ол жанында арнайы жасақ өкілдері мен жауынгерлер отырғанын жеткізді.

Қазақстанда билік рұқсат етпеген митингілер президент сайлау өткен 9 маусымда және 10-11 маусым күндері өткен. Наразылар президент сайлауының ресми қорытындысына қарсылық білдіріп, кейбірі қамауға алынғандарды босатуды талап еткен. 12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталған.

Ресми дерекке қарағанда, 9-11 маусым күндері 957 адам полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жауапқа тартылған. Оның 657-сіне – қамау, 128-іне айыппұл кесіліп, 168 адамға ескерту берілген.

Президент сайлауында жеңімпаз танылып, 12 маусымда қызметіне кіріскен президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның наразыларды ұстауы «міндетті шара» деп атаған. Қазақстанның ішкі істер министрлігі наразылық акциясына қатысушыларды «арандатушылар» деп сипаттайды.

12 маусымда Біріккен Ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі басқармасы «бейбіт наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне айқын қайшылық» деген. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырған.

Azattyq

Загрузка...