Нұр-Сұлтан, Тараз, Ақтөбеде ломбарт салымшылары ақшаларын қайтаруды талап етті

0

21 ақпанда Таразда, Ақтөбеде және Нұр-Сұлтанда «Гарант 24» қаржы компаниясына алдандық» деген адамдар жиналып, салған ақшаларын қайтаруды талап етті. Ақтөбеде және Нұр-Сұлтанда полиция «Гарант 24» ломбардына қатысты тексеру бастаған.

Таразда «ақшасын қайтара алмай жүрген» бір топ адам «Гарант 24» қаржы компаниясының кеңсесінде наразылық білдірді. Олар «Гарант 24» компаниясына ақша салып, қаржыны ай сайын 35 пайызға өсіруді көздегенін, бірақ ақшаларын қайтара алмай жүргендерін айтты.

Салымшылардың бірі Саида Елубекованың сөзінше, «Гарант 24» өкілдері салған қаржылары ай сайын 35 пайызға өсетінін айтып, кейін бастапқы қаржыны толық қайтаруға уәде еткен.

«Мен 500 мың теңге бердім. Келісім-шарт бойынша, ай сайын 175 мың теңге төлеп, 3 айдан кейін 500 мың теңгемді қайтарып беруі керек еді. Бірақ бүгін келсем, ешкім жоқ. Ешкім жауап бермейді» дейді ол.

Саида Елубекова «Выгодной займ» қаржы құрылымына да 300 мың теңге бергенін, бірақ ол компаниядан да еш жауап ала алмай жүргенін айтады.

Ал Қуанышбек Ардақұлы «Гарант 24» компаниясына көлігін сатып, ақшасын екі ай ішінде алуы керек болғанын айтады. Сөзінше, компания қызметкерлері көлігін 4 млн 200 мың теңгеге бағалап, екі ай ішінде толық сомасы мен қосымша пайызын төлеуге уәде берген.

«Мен хабарландыру бергенімде өздері хабарласқан еді. Ұсыныстары жақсы болған соң келістім. Енді не ақша жоқ, не көлік жоқ» дейді ол.

Салымшылар «Гарант 24» пен «Выгодной займ» компаниясының бухгалтері» деп Ләйла Арыстанбекованы нұсқады. Бірақ ол өзін «жауапты өкіл емеспін» деп, салымшылардың талабына жауап беруден бас тартты

«Бұл жұмысқа енді ғана келдім. Сіз жауап бересіз деп алып келді, бірақ мен ешнәрсе айта алмаймын. Бұл жерде тек компанияның бөлімшесі бар. Бас кеңсе Нұр-Сұлтанда» деді ол.

Компанияның қызметкерімін деп таныстырған тағы бір адам «барлық жауапты құзырлы органдар береді» деп жауап берді. Компанияға келген полицейлер салымшылардан арыздан қабылдап алды.

Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты әзірге комментарий берген жоқ.

Қазақстандық Tengrinews.kz сайтының жазуынша, жұма күні Нұр-Сұлтанда да жүзге жуық адам «Гарант 24» компаниясына келіп, салған ақшаларын қайтаруды талап еткен. Полиция салымшылардан арыз алған.

Нұр-Сұлтан полиция департаменті «Гарант 24» компаниясына қатысты Қылмыстық кодекстің «Аса ірі көлемде алаяқтық жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

21 ақпанда Ақтөбеде де бір топ адам «Гарант 24» кеңсесі алдында ақшаларын қайтаруды талап етті. Бірақ салымшылар жабық тұрған кеңсе кіре алмады. Ақтөбе облыстық полиция департаменті «Гарант 24» компаниясына қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.

«Әзірге нәтиже жоқ. Барлық мәселе бойынша полицияға хабарласыңыз. Қаржы ұйымы бұдан әрі жұмысын жалғастыра ма, жоқ па тергеу қортындысынан кейін белгілі болады» деді тергеу басқармасының төрағасы Евгений Годлевский.

Жұмада Ақтөбеде полиция «Выгодный займның» да кеңсесін тінтіп, құжаттар мен компьютерлерді тәркілегенін хабарлады. Полиция тергеу мүддесіне орай әзір ешқандай ақпарат бере алмайтынын хабарлады.

Azattyq