Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылықта 500-дей адам ұсталды

0

ІІМ хабарлауынша, Нұр-сұлтан мен Алматыдағы наразылық кезінде 500-ге жуық адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг кезінде ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.

Қожаевтың сөзінше, «екі қалада радикал пікірдегі адамдар заңсыз митинг ұйымдастырылып, қоғамдағы тыныштықты бұзбақ болған».

Министрдің орынбасары полицияның әрекетін заңға сай деп сипаттады.

— Полиция азаматтармен сөйлескенде өздерін барынша дұрыс ұстады. Адамдарды ұстаған кезде ешқандай құрал қолданған жоқ. Әлеуметтік желіде «адамдар полицияның қолынан зардап шекті, қаза тапты» деген ақпарат шындыққа жанаспайды, — деді Қожаев.

Министрдің сөзінше, «наразылық кезінде ешкім дәрігер көмегіне жүгінбеген. Заңсыз митинг өткен жерде 12 адам дәрігерге қаралған. Олардың көбінің қысымы көтерілген».

9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтті. Осы күні полиция Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүзден астам адамды ұстады. Елде бір-екі сағат интернет жұмысында ақау байқалды.

Видео: Полиция адамдарды қалай ұстады?

Azattyq