Nissan концернінің экс-басшысы Карлос Гон Ливанға қашып барды

0

Nissan және Renault автоконцерндерінің бұрынғы басшысы, Токиода үйқамақта отырған Карлос Гон сейсенбіге қараған түні Ливанға келді. Оның бұл елге қалай жеткені әзірше белгісіз.

Жапонияда қаржы айла-шарғысын жасаған деген айып тағылған Гон саяси қуғын-сүргіннен қорқып қашқаны туралы мәлімдеді. Ол Жапонияның сот жүйесін адамның негізгі құқықтарын мансұқ етеді деп айыптап, «оның кепілі болып отырғым келмейді» деген. Гон «әділ соттан емес, сот әділетсіздігі мен саяси қуғыннан бас сауғалағанын» айтады. Бұған қоса ол жақын уақытта «барша БАҚ-пен еркін сөйлесуге» әзір екенін мәлімдеген.

Аты-жөнін атамаған дерек көзіне сілтеме жасаған жапонның NHK телекомпаниясы сырт пошымы Nissan концернінің бұрынғы басшысына ұқсас ер кісі Бейрут халықаралық әуежайына жеке меншік ұшақпен өзге адамның аты-жөнімен жеткен деп хабарлады. Токио мен Бейрут арасында экстрадиция туралы келісім жоқ.

2018 жылы қарашада Карлос Гонды Nissan қаржысын жеке басын байытуға пайдаланған деген айыппен тұтқындаған. 2019 жылы Жапония прокуратурасы оған қаржылай айла-шарғы жасаған және қызмет бабын теріс пайдаланған деген жаңа айыптар таққан. Көктемде қорғаушы тарап 9 миллион долларды кепілге қойған соң Гонды үйқамаққа ауыстырған. Өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарған Гон мұны өзіне қарсы Nissan басшылығының жасаған «жасырын қастығы мен опасыздығының» салдары деп санайды.

Жапонияда Карлос Гонның үстінен қозғалған іс бойынша сот процесі 2020 жылы басталуы тиіс. Гон айыпты деп танылса, 20 жылғы дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін.

Azattyq