Назарбаева облыс әкімінің сөзіне күмән келтірді

0

Жамбыл облысында пилоттық жоға қолға алынып, ауыл халқына 2,5 процентпен кредиттер және микрокредиттер берілмек

НҰР-СҰЛТАН, 17 қазан – Sputnik. Сенаттың бүгінгі отырысында 2019 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджеттің жобасы қаралды. Соның ішінде Жамбыл облысы халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаға бөлінетін қыруар қаржы да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Пилоттық жобаның алғашқы кезеңін іске асыруға 7,2 миллиард теңге қарастырылған. Соның есебінен ауыл халқына 2,5 процентпен кредиттер және микрокредиттер беріледі. Мерзімі – 5-7 жыл. Осы шаралардың арқасында келесі жылы Жамбыл облысында 7 мыңнан астам отбасының табысы 104 000 мың теңгеге дейін өседі деген жоспар бар. 2021 жылда – 156 000 теңге, ал 2022 жылы жобаға қатысатын әрбір отбасының табысы 200 000 теңгеге дейін артады.

Тағы оқыңыз: «Әр отбасының табысы 200 мың теңгеге жетеді». Бюджеттен қосымша ақша бөлінеді 

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың айтуынша, бүгінде барлық есеп-қисап жасалды. Тіпті, жем-шөптің құнарлығы зерделенді. Себебі алдымен жем-шөптің арқасында малдың өнімділігін арттыруға болады. Арзан кредиттер де осы кәсіпке беріледі. Ал шағын кредиттерді қайтару көрсеткіші 95 процент болады деген болжам бар. 

«Бүгінде 10 пилоттық округ анықталды. Біз әрбір ауылды округте кредит беру орталықтарын аштық. Ол жерде барлық маман отырады. Бүгінде пилоттық жобаға қатысушылардың жартысы өз құжаттарын рәсімдеп алды. Енді, қарашаның басында ақша облыстық бюджетке түссе, оны таратуға болады. Жылдың аяғында қаржыны игереміз», — деді Мырзахметов сенаттың бүгінгі отырысында.

Осы орайда сенат төрайымы Дариға Назарбаева маңызды бір мәселеге тоқталды.

«Негізі, біз «пилоттық жоба» деген сөзден үрейленеміз. Себебі осы салада «тәжірибе» бар. Бұған дейін талай пилоттық жоба іске қосылған. Артынан оның нәтижесін ешкім зерделеген жоқ. Дұрыс істедік пе? Бұрыс істедік пе? Ешкім есеп бермейді. Сонда бірде-бір пилоттық жобаның нәтижесін көрмей келеміз», — деп атап көрсетті Назарбаева.

Осы кезде облыс әкімі пилоттық жобаның тиімділігіне арналған кестені көрсеткісі келді. Бірақ сенат төрағасы презентацияны оқып шыққанын жеткізді.

«Біз презентацияны оқыдық. Ол жерде барлығы жазылған. Қағаз бәрін көтереді. Енді, соның бәрі іс жүзінде асса екен дейміз…», — деп атап көрсетті Назарбаева.



sputniknews.kz