Назарбаев қызы Әлиямен бірге жасыл технологиялар орталығында болды

0

Нұрсұлтан Назарбаев экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытудың маңыздылығын атап өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығына барды, деп хабарлайды ҚР Тұңғыш президентінің баспасөз қызметі.

Назарбаев орталықтың «жасыл» экономиканы дамыту және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жұмыстарының негізгі бағыттарымен танысты.

Елбасыға жел, күн, су және геотермальды ресурстардың әлеуеті, қатты тұрмыстық қалдықтар мен биомасса полигондарының орналасуы туралы ақпаратты қамтитын цифрлық алаңның үлгісі көрсетілді.

«Нұрсұлтан Назарбаев экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытудың маңыздылығын атап өтті.  Елбасы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласына озық технология енгізу және осы салаға инвесторлар тарту мәселелеріне баса  мән берді», — делінген хабаламада.

Сондай-ақ, Назарбаев қазақстандық жоғары оқу орындарының жаңартылатын энергия көздері саласындағы перспективті жобаларымен танысты.

 

Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығына барды

«Жасыл» технологиялардың және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Астана – ЭКСПО-2017» көрмесінің инфрақұрылымы негізінде 2018 жылғы сәуір айында құрылды.

Орталық басқармасының төрағасы – Рәпіл Жошыбаев. Ол бұл қызметке дейін ЭКСПО көрмесінің комиссары болған еді.

Әлия Назарбаева қандай қызмет атқарып жүр?

Әлия Назарбаева Қазақстан экологиялық ұйымдарының ассоциациясын басқарады. Өткен жылы тұңғыш президенттің кенже қызы «жасыл экономика» терминін заңды түрде бекітуді ұсынған болатын. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстанда жалпы энергетикада жасыл энергетика үлесін 30 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

sputniknews.kz