Нағима Керімбаева мен Максим Мазур Қазақстанның үздік триатлеттері атанды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

 

2019 жылдың 19 мамырында Қапшағай су қоймасының жағалауында Қазақстандық және Алматы қалалық триатлон федерацияларының ұйымдастыруымен «спринт» қашықтығында (750 м жүзу, 20 км веложарыс, 5 км жүгіру) триатлоннан Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті.

Чемпионаттың екінші күні Age Group санатындағы спортшылар күш сынасты. Еліміздің түрлі аймақтарынан, Ресей мен Украинадан келген 18 бен 59 жас аралығындағы 120 спортшы 8 жас топтарында додаға түсті. Сонымен қатар, сайысқа төрт эстафеталық команда қатысты.

Жанкүйерлердің назары доданың фавориттері алматылық спортшылар Максим Мазур мен Нағима Керімбаевада болды. Көшбастаған спортшылар жанкүйерлерінің үмітін ақтап шықты. Сайыстың басынан бастап Максим Мазур адам сенгісіз жылдамдық алып, өзінің қарсыластарына бір де бір мүмкіндік қалдырмады. Бірінші жүзу кезеңін өткен кезден-ақ ізіне түскен қарсыласынан 4 минутқа озып келді. Осындай қарқынмен ол велокезең мен жүгіруді оңай өтіп, жалпы қашықтықты 1 сағат 7 минутта аяқтады.

Айта кеткен жөн, Максим Мазур Age Group санатының спортшысы ғана емес, Almaty Triathlon Federation бас бапкері болып табылады. Күні кеше ғана ол өзінің оқушыларына жанкүйер болып жүрген еді, енді бүгін өзі нағыз шеберлік сағатын көрсетті.

Әйелдер арасында әйгілі алматылық триатлоншы, Каилуа-Конадағы Ironman әлем чемпионаттарында екі рет мәреге жетіп, Diamond Lady атанып кеткен Нағима Керімбаеваға теңдесер ешкім болмады. Қапшағайдағы чемпионатта Нағима керемет нәтиже көрсетті. Ол «спринтерлік» қашықтықты 1 сағат 18 минут 4 секундта бағындыра білді.

Эстафеталық командалар арасында 1 сағат 18 минут 45 секунд нәтижесімен Нұр-Сұлтаннан келген Arlan Team үздік атанды.

Загрузка...