«Мұражай», «пайыз»: Қазақшаланған терминдер ресми қолданыста бар ма – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Күнделікті айтылып жүрген «әнұран», «мұражай», «пайыз» терминдері қазір ресми қолданыста жоқ. Бірақ көпшілік арасында мұндай сөздердің әлі де айтылып жүргенін білеміз. Алайда тіл жанашырлары осы тұрғыдан дабыл қағуда. Себебі бүкіл әлемге ортақ терминдерді өзгерте-өзгерте шатасатын болдық дейді.

"Мұражай", "пайыз": Қазақшаланған терминдер ресми қолданыста бар ма

Сондай-ақ, мекемелердің маңдайшаларындағы латын қарпіндегі жазуларда да қателер өріп жүр екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеп Stan.kz. хабарлайды.

Әлі күнге дейін қолданыста жүрсе де, ресми атауы қайта өзгерген терминдер мыналар. Пайыз – процент. Әнұран – гимн. Мұражай – музей. Қағидат – принцип. Бәссауда – аукцион. Бір қызығы «әнұран», «пайыз» сөздері осыған дейін бірнеше рет «гимн», «процент» болып қайта қаралған. Енді жұрт қолданып үйренісе бергенде тағы өзгертіп тастапты. Бұған қатысты осы мәселелерді зерттеп жүрген профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдердің атауын өзгерте берсек, адамдарды шатастырып аламыз деген пікірде.

«Тура сол сияқты мемлекеттік терминология комиссиясына келген кезде де көп ауқымды терминдер келуі мүмкін. Мысалы, мыңдаған термин келген кезде оны әр терминді түбегейлі қарап тексеріп, бәрін сараптан өткізуге уақыт жетіспеуі мүмкін. Сондай себептердің негізінде терминдерді бекіткен кезде арасында кейбір терминдер дұрыс қаралмай, сараптамадан өз деңгейінде өтпей, бекітіліп кетіп жатады», – деді филология ғылымдарының докторы, прфессор Шерубай Құрманбайұлы. 

Кейбір қазақшаланған терминдерді жұрт арасынан біз де сұрап көрдік. Алайда қарапайым сөздердің баламасын көбісі білмейтін болып шықты.

-Бәссауда, аспансерік деген сөздердің мағынасын білесіздер ма?

– Бәссауда, саудаға қатысты ма бұл?

-Жоқ.

-Бәссауда деген аукцион деген сөз.

-Ал, аспансерік деген сөз стюардесса деген сөз. Осы сөздердің мағынасын білетін бедіңіздер?

-Жоқ, дәл қазір сіз айтқаннан кейін біліп тұрмыз.

«Бәссауда, аспансерік деген сөздердің мағынасын білесіз бе?

-Жоқ, түсінбедім онша.

Иә, қарап отырсаң шет тілінен енген сөздердің тікелей аудармасы көп адамдардың тілін сындырады. Мәселен, балкон-қылтима, душ-шаптырма, ванна-астау тізбектей берсең өте көп. Осы тұста мәдениет және спорт министрі өткен жылы аталған жағдайларға байланысты сөз тіркестеріне толық лингвистикалық сараптама жасалып жатыр деп есеп берген еді. Алайда әзірге нәтиже байқалмайды.

«Қазірге дейін 21 мың термин бекітілсе оның 40,8 % төл терминдер. Ал, 59,2% кірме және аралас терминдерді құрап отыр. Осы терминдерге жасалу және аудару тұрғысынан толық лингвистикалық сараптама жасалуда», – деді Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, қазір нысандардың маңдайшаларында қазақ әліпбиінің орнына латын графикасындағы жазулар қаптап кеткен. Бірақ оның дұрыс жазылуына мән беріп жатқан ешкім жоқ дейді тіл мамандары. Сондықтан ғалымдар латын графикасында жазуға асықпау қажет деген пікірде. Осы түйткілді мәселемен айналысып келе жатқан тіл білімі институтының бір топ мамандары жуырда ауқымды орфографиялық сөздікті жарыққа шығарып, барлық сұраққа жауап бермек.

«Институт жоспары бойынша, үлкен қазақ тілінің латын негізді жаңа әліпбиі бойынша, орфографиялық сөздікті даярлау үстінде. Жоспар бойынша бұл үлкен кітап биыл жылдың аяғында шығу керек», – деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының басшысы Ерден  Қажыбек.

Тіл білімі институты басшысының сөзінше, қазір осындай күрделі мәселелерді толық қамтитын латын қарпіндегі 50 томдық орфографиялық, лексикалық сөздіктерді шығаруға қыруар қаржы бөлініпті. Ол үшін еліміздегі мықты лингвистер тартылмақ.

stan.kz

Загрузка...