«Миға қонбайтын әңгіме»: Қарағандыда аяғы сынған баланың анасы балабақшадағылардың өзін кінәлағанын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Қарағандыда 2 жарым жасар бүлдіршін балабақшада құлап қалып, аяғын сындырып алыпты. Оған күрделі ота жасалған. Ендігі ұзақ уақыт төсекте жатуы тиіс. Анасы тәрбиешілер баласына дұрыс қарай алмағанын айтып, кінәлап отыр. Ал балабақшадағылар бүлдіршіннің аяғын үйінде сындырғанын айтыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

 

2 жарым жасар Әмірханның анасы Екатеринаның сөзінше, сол күні баласы балабақшада аяғын сындырып алып, артынша жедел жәрдеммен алып кеткен. Алайда ұлының жағдайынан бөлек, балабақша басшылығының сөзінен кейін төбесіне жай түскендей болған.

«Айтуларынша мен баланы үйден аяғын сындырып әкеліппін. Мүлдем миға қонбайтын әңгіме. Бала титтей де жарақат алған болса, жүре алмай ауырсынбай ма? Мен анасымын, баланың жағдайын бірден сеземін. Қандай да бір өзгеріс болса, байқамаймын ба? Таңертеңгілік ойнап, өз аяғымен кірген. Жарты сағаттан кейін телефон шалып, балаңыз жүре алмай отыр дейді», — дейді Екатерина Сатова. 

2 жасар Әмірханнан тәптіштеп сұрағаннан кейін, ол балабақшаның екінші қабатына көтерілетін баспалдақтан құлағанын айтыпты. Баланың әжесі Наталья Борисова оны «балабақша аяғы сынған күйде алып келді» дегені мазақ деп отыр.

«Қасында Сартай деген бала болған. Екеуі баспалдаққа көтерілген екен. Содан құладым деді. Оксана деген тәрбиеші жерден көтеріп төсекке жатқызды дейді. Бала үйден жарақат алып келді дегендері тіпті мазақ», — дейді Наталья Борисова.

Алайда «Познайка» балабақшасының басшылығы өздеріне шаң жуытпай отыр. Олар баланың балабақша келгенде-ақ өзін жайсыз сезінгенін айтады. Артынша аяғы ісініп, қозғала алмағаннан кейін анасын шақыруға мәжбүр болыпты. 

Бүгінде аталған оқиғаға қатысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Балабақша басшылығы қос-қостан қорғаушы жалдап, өздерінің атына кір келтірмек болған ата-ананың өзін жауапқа тартпақ.

«Балабақша басшылығы және тәрбиешілері іс әрекетінен біз ешқандай қылмыстық құрам көріп тұрған жоқпыз. Біздің ұстанымымыз осы. Басқа мәліметтерді әзірге ашып айта алмаймыз. Тергеу аяқталсын», — дейді

«Познайка» балабақшасы басшылығының қорғаушысы Юрий Плясовских.

Әмірханның анасы балабақша басшылығының өздерін кінәлағаны жанына батқанын айтты. Ол жауапсыздық танытып, баласына дұрыс қарамағандардың жазаланғанын қалайды. 

 

stan.kz