Мен өзімді баяғыдан Нұрсұлтан қаласының тұрғыны сезінемін – Бекболат Тілеухан

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту тарихи және әділ шешім деп санайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжіліс депутаты Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астананың атауын өзгерту туралы шешімін қолдайды.

«Мен өзімді қашаннан бері Нұрсұлтан қаласының тұрғыны ретінде сезініп жүргенмін. Жалпы бұл тарихи және өте әділ шешім. Біз заңға бағынған саясаттың адамымыз. Әрине, заң бойынша, ішкі ережеміз бойынша жүруді міндет деп есептеймін», — деді Тілеухан парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

Депутат Тоқаевтың жасаған барлық ұсынысы ақылға қонымды екенін атап өтті.

«Елбасы қандай құрмет жасасақ та, оған лайық деп білемін. Елбасының бағытын қашаннан бері қолдаған әріптес ретінде, қазақ баласы ретінде мұны қолдаймын», — деді ол.

Тілеухан елдің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына берген антына берік болатынына күмән келтірмейтінін айтты.

«Ол Нұрсұлтан салған жолдан таймай, әлем алдында Қазақстанның беделін түсірмей, осы бағыт-бағдарды әрі қарай стратегиялық түрде алып жүретінін айтып, ант берді. Сөз жоқ сенемін, бұл кісінің тұлғасын айқындаған, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында өзінің айрықша рөлі бар саяси тұлға екені бәрімізге аян. Сондықтан антына, уәдесіне берік болатынына күмәнім жоқ», — деді Тілеухан.



sputniknews.kz