«Масқара қымбаттап кетті»: Нұр-Сұлтанда соғымның бағасы қанша

0

Sputnik Қазақстан тілшісі елорданың мал базарын аралап, соғымның бағасын және оның қымбаттауына не себеп болғанын біліп қайтты

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Аяз түскеннен кейін астаналықтар соғым мәселесіне кірісіп кетті. Биыл жылқының еті сәл қымбаттаған.

Ет неге қымбаттайды?

Ақмола облысының тумасы Талғат Айтмұхамедұлы жылқының етін Қызылту ауылынан тасып жүр. Сол жақта малды бордақылап, астанаға әкеліп сатады. Аптасына бір-екі рет келіп кетеді. Бір келгенде екі-үш малды әкеледі. Осы жолы тай мен байталды алып келген.

«Базар болғасын әртүрлі мал болады ғой. Сондықтан бағасы да әралуан. Мен өзім жылқының келісін 1 800 теңгеден беріп жатырмын. Бұл – көтерме баға. Салмағын өлшейміз де, тұтастай сатамыз. Мәселен, тайлар 320 000-360 000 теңге болса, байталдар 400 000 теңге, тіпті 420 000 теңгеге дейін шығып жатады. Ұтылмаймын десеңіз, таразымен алған дұрыс қой», — деді Айтмұхамедұлы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.


©
Sputnik / Арман Асқар

Нұр-Сұлтандағы мал базары

Оның айтуынша, сатушылар малдың сыртына қарап, орташа бағасын да қойып жатады. Ондайда етті алған адам ұтылады. Бірақ етті сатып жатқан адам да қателесуі мүмкін.

«Мына жерде көбісі жай көзбен қарап, бағасын айта салады. Бірақ халық таразыға салып, өлшеп алуға үйреніп жатыр. Бағасы салмағына сәйкес келсін деп өлшетіп алады», — деп атап көрсетті ол.

Ал басқа шаруалар етті астанаға жеткізгенше біраз шығын шығаратынын жеткізді. Содан еттің бағасы өсіп отыр.

«Биыл жем қымбаттады. Тоннасына 60 000 – 80 000 теңге сұрайды. Сондықтан мал байлаған тиімсіз болып кетті. Сосын етті қалаға жеткізгенде, зертхананың анықтамасын алып келеміз ғой, ал сауда орталығының әкімшілігі тағы өз зертханасынан өткізуге міндеттейді. Оған қоса, 5-6 келіге «скидка» жаса дейді. Бұның барлығы қып-қызыл ақша ғой. Осыдан кейін ет қалай қымбаттамайды?», — дейді олар.

Саудагерлер не дейді?

Сауда орталығындағы сатушылар да еттің қымбаттағанын сезіп отыр. Олар даладан жылқының етін бір келісі үшін 1 800-1 900 теңгеге алады да, 2 300-2 500 теңгеден сатады.

«Ойбай, масқара қымбаттап кетті. Былтыр арзандау болды. Жыл сайын қымбаттап жатыр ғой. Мысалы, былтыр біз 2 000 теңгеден саттық. Қазір қарасаңыз, 2 300 теңгеден сатып жатқандар да бар. Еттің сапасына қарай сатамыз ғой. Бүгінде етті жеткізетін шаруалар да көп жеңілдік жасамайды. Ет жақсы болса, бағасын түсірмейді. Ал нашарлау болса, 50-100 теңгеге түсіреді», — дейді сатушылар.

Шаруалар жақсы еттің бағасын түсірмегесін, саудагерлер де жеңілдік жасамайды. Үстінен өз ақшасын қосады да, одан төмен түсірмейді. Мәселен, былтыр жақсы ет 1 700 – 1 800 теңгеден келсе, биыл екі еліге баратын байталдың еті 2 000 – 2 100 теңгеден жеткізіледі.

30 жылдан астам уақыт бойы ет саудасымен айналысып жүрген Жасәділ Ермекбаев астанаға мамыр айында көшіп келген. Оның айтуынша, Қазақстанның барлық жерінде ет қымбат болып тұр.

«Негізі, бізде – Таразда да осындай баға. Бұдан да қымбат. Шығыс жақты білмеймін. Ақтөбе жақта ғана сәл арзан шығар. Жалпы, былтыр ет сәл арзандау болған. Биыл 1-9 мамыр аралығында күрт қымбаттап кетті ғой. Мен ол кезде Таразда болғанмын. Сол кезде астанада да көтерілді», — дейді Ермекбаев.

Тағы оқыңыз: Мойындау керек — Тоқаев азық-түліктің қымбаттауы нені білдіретінін айтты

Оның сөзіне қарағанда, малды бордақылау оңай емес. Оған біраз уақыт кетеді. Ал етке деген сұраныс төмендемейді. Мамыр айында нарықта ет азайып кетті. Сұраныс жоғары болғасын бағасы көтерілді. Содан бері арзандамай келеді.

«Бұл жаққа келіп жатқан еттің басым бөлігі — «шымкентский». Ол жақта Қарабұлақ деген жер бар. Олар малды көп байлайды. Қазақстанның жартысы сол жерден алады. Өзімізде ет аз, тіпті ресейлік ет те жеткізіледі. Ол жақтан қашаннан бері еттей де, тірідей де әкеледі», — деді саудагер.



sputniknews.kz