Мәскеуде Димашқа Медведевтің әйелі өз қолымен гүл сыйлады – видео

0

22-23 наурыз күндері Кремль сарайында Димаш Құдайбергеннің жеке ән кештері өтті

Әлемге әйгілі қазақ әншісі, таңғажайып дауыс иесі Димаш Құдайберген Мәскеуде дүркіреп өткен жеке концертінде РФ үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевтің әйелі Светалана Медведеваның қолынан гүл алды.

Осы сәттің видеосын желіде ресейлік танымал тележүргізуші Ангелина Вовк жариялапты.

«22 наурыз күні Мемлекеттік Кремль сарайында Димаш Құдайбергеннің ерекше концерті дүркіреп өтті. Басында мұндай концертке, Димаштың өнеріне сенген жоқпын. Алайда үшінші туындыдан соң оның болашақта әлемдік деңгейдегі жұлдыз болатынына көзім жетті. Біртуар әнші. Дарынды, интеллигент, рухани бай тұлға және нағыз кәсіби әртіс. Өзі небәрі 24 жаста», — деп Вовк Instagram парақшасындағы оқырмандарына кештен алған шынайы әсерін жеткізді.

Димаш Құдайбергеннің жеке ән кешін тамашалаған басқа да жұлдыздар желі арқылы жас әншіге деген ерекше құрметі мен жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатыр.

Ресейлік танымал әнші Анита Цой Димаш үшін өз турын әдейі тоқтатып, концертке арнайы ұшып келіпті.

«Құрметті Димаш, бүгін сен үшін толқынысқа толы күн — Кремль сарайында алғашқы жеке концертіңді бердің. Мұндай сахнада өнер көрсету қиын әрі жауапты іс. Залға дүние жүзінен жиналған тыңдармандарың лық толғанын көріп қуандым. 56 елден келген жанкүйерлер клубының әрқайсысы өз елінің туын желбіретіп, сенімен бірге ән айтып, әр қимылыңа тәнті болып отырды. Мен де өз турымды тоқтатып, сенің концертің үшін Мәскеуге әдейі ұшып келдім. Ресей жеріндегі дебютыңмен шын жүректен құттықтаймын. Өзіңе берілген ерекше дауысыңда сақта, бақытты бол! Жаңа шығармашылық табыс тілеймін, досым!» — деп жазады Цой Instagram парақшасында.

Жас қазақ әншісінің өнерін тамашалауға ресейлік танымал әртіс Борис Моисеев те барыпты. Димашпен бірге түскен суреті оның Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.

Димашпен бірге өнер көрсеткен әртістер танымал әншінің дарыны мен адамгершілігіне тәнті болғанын  жасырмады. Тодес әртісі София Лазарева Мәскеудегі екі концерттің жоғары деңгейде өткендігін жазған.

«Мұндай ерекше дарынды әртіс әрі талантты әнші Димаш Құдайбергенмен бірге жұмыс істеу керемет болды. Ерекше көңілкүй сыйлады. Әндері жүрегіме жол тапты. Көрермен үшін ән шырқайтын орындаушы. Өзінің отбасы, ұстаздары мен халқына аса құрмет көрсетеді. Екі концерт және лық толы Кремль залы, қолдау көрсетіп жатқан тыңдарман. Бұл адамды еліктіріп, күш сыйлайды. Ерекше әсерде қалдым. Осындай кезде өз ісіңді сүйетініңді түсінесің», — деп жазады Лазарева.

Димаш Құдайбергенге қолдау көрсету үшін Мәскеудегі алғашқы концертіне әдейі ұшып барған қазақстандық белгілі тұлғалар мен эстрада жұлдыздары да жетерлік.

Солардың бірі Айнұр Тұрсынбаеваның айтуынша, әлемнің түкпір-түкпірінен Димашты іздеп жүріп келетін жанкүйерлер көп, олардың қасында мына тұрған Мәскеуге жете алмау ұят болып саналады.

«Келдік, көрдік, сүйсіндік! Далада ары-бері жүгірген орыстардың «Димаштың концертіне билет бар ма?!» деп қапылып жүргенін көрдік. Қызыл алаңды қоршаған қызыл әскер Димаштың концерті үшін қызмет қылғанын көрдік. Кремльдің аузы мұрнынан шыққан xалық қазақтың әніне қосылып тұрғанын көрдік. Қытай, ағылшын, түріктердің «Дайдидауды» тыңдап жылағанын көрдік. 6 мың xалықтың біздің домбыраның үніне тік тұрып қол соққанын көрдік. Игорь Крутой, Анита Цой бастаған дүлдүлдердің Димашқа құрмет көрсеткенін көрдік. Иманғали ағамыз бастаған ел азаматтарының Димаш үшін марқайып тұрғанын көрдік», —  деп жазды айтыскер ақын.Концерт біткен соң да 1 сағат бойы тарқамай тұрып алған xалықты көрген кезде, әлемге аты кеткен бармақтай баламыз үшін көзімізге жас келіп, дұға қылдық, дейді Тұрсынбаева.

Әлеуметтік желідегі постын айтыскер ақын Димашқа деген жылы сөздерімен аяқтады.

«Аппақ болған баладан айналдық! Сені туған анадан айналдық! Жерді жарған дауысыңнан айналдық! Елді оятқан намысыңнан айналдық! Сүп-сүйкімді түріңнен айналдық! Балдан тәтті тіліңнен айналдық! Елге деген тілегіңнен айналдық! Жұдырықтай жүрегіңнен айналдық! Жасай бер, қазақтың баласы! Жасай бер, Димаш!», — деді Айнұр Тұрсынбаева.

Сонымен қатар, «Қазақстан» РТРК басқарма басшысы Ерлан Қарин Димаш Құдайбергеннің концертіне қатысып, Instagram парақшасында кеудесін кернеген мақтаныш сезімімен бөлісті.

«Бүгін Мәскеуде қазақтың өнері, руxы асқақтады! Димаш Ресейдің ең үлкен саxнасына шығып, өз өнерімен жұртты тағы бір сүйсіндірді! Көше толған қазақ, бәрі бірін бірі құттықтап жатыр, өйткені Димаш өз елінің, xалқының атын, абыройын тағы бір көтеріп жіберді. Керемет сезім, керемет әсер! Раxмет, Димаш!», — деп Қарин жас әншіге алғысын білдірді.

Қазақстандық танымал әнші Ерке Есмаханның да Мәскеуге сапарының бірінші себебі Димаштың концерті болған екен.

«Димаштың концертінің әсері әлі тарқамады! Әлемнің түкпір- түкпірінен келген жанкүйерлерді көрдім! Қазақтың қара домбырасы күмбірлегенде, өзге ұлт өкілдерінің орнынан тұрып қошемет жаудырғанын көрдім! Аллаға сансыз шүкір! Димаш екеуміз тәлім алған Ақтөбедегі ұстазымыз Марат Айтимов ағайымды шәкіртімен дуэт орындағанын Кремль саxнасынан көріп, қатты қуандым», — деп Ерке әлеуметтік желідегі жазбасын Димашқа деген ізгі тілектерімен аяқтады.

Димаштың Мәскеу қаласындағы Кремль сарайында екі күнгі аншлагпен өткен концертін белгілі жүргізуші әрі актер Азамат Сатыбалды да тамашалапты.

«Концерт барысында сан түрлі әсер алдым. Ең бастысы мақтандым, ортасында қуаныштан көзіме жаста келді жасыратыны жоқ. Жамбыл жәкем намаз оқыған Кремльде сан жылдан кейін Димашымыздың концерт беруі мақтаныш екені сөзсіз», — деп жазды Азамат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Танымал актер мойындағандай, шетелдік көрермендер «Димаши» деп айқайға басқанда, отандасымызды іштей қызғанып, атып тұрып «ол біздің Димашымыз» деп айтқысы келген екен. Сонымен бірге, шетелдік жанкүйерлер қазақтардан көп болғанын өкінішін жасырмай, еліміздің жарық жұлдызын барынша бағалау керек екенін атап айтты.

«Қазақта Құдайға шүкір таланттар жетерлік, бірақ Димаш Құдайбергенов жалғыз. Өйткені Димаш, ол — құбылыс. Оны солай қабылдау керек. Ең бастысы тіл-көзден сақтасын. Менің байқағаным бұл тек басы ғана. Құдай қаласа Димашымыз талай биікті бағындырары сөзсіз. Қазақтың атын әлемге танытар ұл-қыздарымыз көп болсын», — деп ойын түйіндеді актер.

sputniknews.kz