«Мамасының баласы» немесе «Қайраттың» жаңа бапкері туралы не білеміз?

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жақында Алматының «Қайрат» клубы бас бапкер ретінде 30 жастағы Алексей Шпилевскийді тағайындаған болатын. Жаттықтырушы ретінде тәжірибесі жоқ маманға қатытысты сын көп айтылып жатыр.

Жарнамасы жер жарған неміс маманы деген сонымен кім болды?

«Қайрат» Қазақстан кубогын ұтып алған күннің ертеңінде бас бапкерін ресми түрде таныстырды. Енді Алматы командасын 30 жастағы Алексей Шпилевский жаттықтырмақ. Осыдан бір жарым ай бұрын «Қайрат» клубы қадағаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Германиядан жаттықтырушы келетінін хабарлаған болатын.

«Қайрат» соңғы жылдары өз мамандарын оқытумен айналысып келеді. Біз өз кезегімізде Лейпциг университетімен келісімшартқа қол қойдық. Неліктен бұл университет деп ойлайсыз? Өйткені, бұл оқу орны УЕФА-ның PRO лицензиясын береді. Сосын жаттықтырушыларымыз емтихан тапсырды, көбісінің нәтижесі тәп-тәуір болды. Дамудың осы векторын таңдағандықтан, Германиядан жаттықтырушы шақырамыз деп шештік. Оқу аяқталған соң, Германияның U-19 құрамасында соңғы 6-7 жыл ішінде жұмыс істеген маманды таңдадық. Алдағы үш жылда ол «Қайрат А», «Қайрат Ж» командаларының барлық бапкерлер штабына консультант болады. Әзірге оның есімін атамауды жөн көрдік. Неміс маманы маусым соңында келуді жөн көрген жоқ. Енді біз оны 15 қараша күні таныстырамыз. Уақытша бұл міндетті Андрей Карпович атқара тұрады», – деген болатын «Қайрат» клубы қадағаушылар кеңесінің төрағасы.

Осыдан кейін ақпарат құралдары әртүрлі болжамдар жасап көрген. Йоахим Лев келмесе де, Феликс Магат, Кристиан Циге, Уве Нойхаус, Бернд Холлербах, Андреас Хинкель секілді мамандардың бірі келіп қалар деп күткендер көп болған еді. Боранбаев жаңа бапкерді 15 қарашада таныстырамыз дегенімен, Қазақстан кубогының финалын күтті.

Бұл аралықта ел футболында айтыла бермейтін құпия ақпараттарды жариялап отыратын Сарафанное радио «Қайраттың» тізгінін кім ұстайтынын дәл болжай білді.

«Алматы командасының жаңа бас бапкері қызметін жас Беларусь атқаратын болады. Оның тегі – Шпилевский. Бұл маман туралы тек әкесінің бұрын агент болғаны, өзінің аз уақыт Бресттің «Динамосында» жұмыс істеп, сәтсіздікке ұшырағаны белгілі. Күзде жас маман Алматыға келіссөз жүргізу үшін анасымен бірге келген», – деп жазды Сарафанное радио.

Сөйтіп, 25 қараша күні Қайрат Боранбаев Алексей Шпилевскийді ресми түрде таныстырды. Әзірге ол аға бапкер ретінде тағайындалды. Себебі, бапкер ретіндегі PRO лицензиясын желтоқсан айында алатын көрінеді. Оған көмекші ретінде Христос Пападопоулос пен Томми Яниген қызмет етпек.

Алексей Шпилевский деген кім?

Ол 1988 жылы 17 ақпанда дүниеге келген. Футболшы ретінде карьерасы ұзаққа созылмаған. Алаңда жартылай қорғаушы болып ойнаған. Бір кездері Германияның «Штутгарт» командасының жастар құрамасында доп тепкен. Беларусь құрамасына да жиі шақыртылған. Алайда жарақатына байланысты ойыншы ретінде карьерасын ерте аяқтайды.

Алексейдің әкесі – Николай Шпилевский бұрын кәсіби футболшы болған. Кейіннен агент ретінде көпшілікке танылды. 1993 жылдан бері Германияда тұрады. Минскінің «Динамо», Могилевскінің «Днепр» клубтарында ойнаған.

Лондонның «Арсенал», Католонияның «Барселона» клубтарында доп тепкен Александр Глебтің агенті болған. Одан бөлек, біздің «Астана» командасында ойнаған Игорь Шитов және Беларусь құрамасының белді ойыншылары Антон Амельченко, Антон Путило Шпилевскийдің клиенттері.

Баласы жарақатына байланысты карьерасын аяқтаған соң, бапкерлік жолды ертең таңдады. 2011 жылы «А» категориялы лицензияға ие болды. Ең алғаш жұмысын әкесінің арқасында «Штутгарт» академиясынан бастаған. 2013-2018 жылдары «РБ Лейпциг» академиясында жұмыс істеген.

Биыл шамалы уақыт туған жері Беларусь еліне келіп, Бресттің «Динамо» клубын аз уақыт жаттықтырды. Негізі келісімшарт 2020 жылға дейін жасалған. Шартты түрде бас бапкердің міндетін Сергей Ковальчук атқарды. Себебі, Шпилевскийде PRO лицензиясы жоқ. Бірақ командаға өзі басшылық етті. 30 жастағы бапкердің жаттықтыруымен «Динамо» 7 ойын өткізді. Оның екеуінде жеңіске жетіп, үш рет тең түсті. Сондай-ақ 2 ойында қарсыласқа есе жіберді.

Алексейдің клубтан кетуіне Артем Милевский, Алексей Гаврилович, Павел Савицкийлермен жанжал себеп болған. Үшеуі де режим бұзған. «Динамо» клубы алғашқы екеуімен келісімшартты бұзса, соңғысын кешірді. Бұл үшеуі де команданың лидері болған. Милевский – команданың ойынын жүргізуші, Гаврилович – команда капитаны, Савицкий – үздік бомбардир.

Тіпті, Беларусь командасы сауалнама да жүргізіп көрді. Дауыс беруге қатысқандардың 54,08 пайызы ойыншыларды қолдаса, 38,57 пайызы бас бапкер жағында болған. Ал 10,82 пайыз басшылықтың шешімін құп көрген.

Милевскийдің бұл бапкер туралы пікірі басқаша.

«Не үшін оған ұнамағанымды білмеймін. Бәлкім, менен қорыққан болар. Өйткені, менің беделім жоғары екені белгілі. Мүмкін, басқа да себептер бар шығар. Бірақ, шынын айту керек, барлығын бір құдай көріп тұр. Командаға 30 жаста бас бапкер болып келіп, осындайға бару ақылға сыймайды. Келе салып, команданың көшбасшыларын қуу деген… Ешкім де танымайды, дым беделі жоқ. Бұған дейін «Лейпцигтің» академиясында балаларды ғана жаттықтырған. Сөйте тұрып, ақыл айтқысы келеді. Мұндай қарым-қатынас – адамдар үшін әділетсіздік. Оның деңгейі қандай екенін біз қайдан білеміз, бұған дейін тек балалармен жұмыс істесе?. Ол бізге не айта алады? Ересектердің футболынан мүлдем хабары жоқ», – дейді Милевский by.tribuna.com сайтына берген сұхбатында.

Боранбаевтың не ойлағаны бар?

«Қайрат» клубының қожайыны Қайрат Боранбаев соңғы кездері командаға тәжірибесі жоқ мамандарды тартумен ерекшелене бастады. Бұған дейін испаниялық Карлос Алосқа сенім артты. Оның бітіргені шамалы. «Қайрат» биыл тағы да чемпиондықтан тыс қалды. Енді, біреуінен құтылғанда, командадағы кейбір ойыншылардан жасы кіші, ешқандай тәжірибесі жоқ тағы біреуіне тізгінді ұстата салды. Алексей Шпилевкий – «Қайраттың» қақпашысы Давид Лориядан 7 жасқа, Владимир Плотников пен Иво Иличевичтен 2 жасқа кіші екен. Сонда оларға қалай сөзін өткізе алады?

«Қайрат» – Қазақстанның ТОП-клубы. Меніңше, оған мұндай жауапкершілікті атқарып шығу қиынға соғады. Шпилевскийге осындай қысымда жұмыс істеу кезінде тәжірибе жетіспеуі мүмкін. Алексей жақсы академияда оқыған екен. Орыс тілін жетік біледі. Бірақ минусы өте көп. Қазақстан футболы туралы ештеңе білмейді. Жас мамандардың көбісі еңбек жолын бюджеті аз, шағын клубтардан бастайды. Өзінің қалыптасқанын дәлелдеп барып, ТОП-деңгейге көтеріледі. Ал бұл керсінше. Барлығы, чемпионаттың бірінші айналымынан кейін белгілі болады. Ол ұзаққа шыдайды дегенге сенбеймін», – футбол ардагері Болат Есмағамбетов Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.

Ал белгілі футбол функционері Халимжан Ержановтың пікірі мүлдем бөлек. Ол алаңда бапкер емес, футболшылар ойнайды сондықтан барлығы команда құрамына байланысты деп отыр. Керсінше, жастарға мүмкіндік бергеніміз дұрыс дегенді айтты.

«Шынын айту керек, бас бапкер тәжірибелі әрі шеберлігі толысқан болу керек дегенді түсінбеймін. Мысалы, Фаибо Капелло Ресей құрамасының тізгінін ұстағанда ештеңе көрсете алған жоқ. Әйтпесе, сол Капелло талай белесті бағындырған маман ғой. Жас жаттықтырушыны шақырудың жақсы жағы – ол өзінің қолынан не келетінін көрсетуге тырысады. Шпилевскийдің жолы болды. Егер клуб басшылығы сенім артып, ойындағысын жүзеге асыра алса, бәрі жақсы болуы тиіс. «Манчестер Ситидің» бас бапкері Хосеп Гвардиола да еңбек жолын жас кезінен бастады. Беларусь бапкері де бұл саладан алыс емес. Немістің «Штугарт» мектебінен өткен. Біз осыған дейін талай тәжірибелі бапкерлердің келіп, нәтиже көрсетпегенін білеміз.сосын өздерінің сәтсіздіктеріне әртүрлі сылтау тауып айтып жатады. Жас бапкер үйренуге, жұмыс істеуге талпынады. Сол себепті жастарға сенім артуымыз керек. Ең бастысы, жаттықтырушы емес, қолдағы материал. «Қайраттың» академиясында жас таланттар жетерлік. Соларға мүмкіндік берсе болғаны», – дейді сарапшы Sports.kz сайтына берген сұхбатында.

Клубтың көшбасшы легионерлері кетіп жатыр

«Қайрат» клубы дамудың жаңа векторына көшкен секілді. Команданың көшбасшы ойыншылары кетіп жатыр. Қайрат Боранбаев өзінің инстаграмдағы парақшасында жағдайды қысқаша былай түсіндіріпті: «Проблемалар бар, бірақ мені дұрыс түсініңіздер. Клуб бюджеті жеке меншіктен қаржыландырылады. Біз жақсы ойнадық, алайда легионерлердің пайдасы аз болды. Демек, бұған мен кінәлімін».

Легионерлерден алдымен ресейлік Андрей Аршавин кетті. Ол жай ғана кетіп қоймай, спорттық карьерасын аяқтады. Одан кейін жақында «Қайраттың» соңғы 4 маусымдағы көшбасшысы болған Исаэльдың келісімшарты аяқталды. Бразилиялық футболшымен келісім әріқарай жалғасқан жоқ. Исаэль «Қайрат» сапынан 2014 жылдан бері 174 матчқа қатысып, 41 гол соққан және 54 нәтижелі пас берген. Бразилиялық легионер «Қайраттың» баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстандағы спорттық карьерасын сағынышпен еске алатынын ең бақытты күндерін осында өткізгенін айтыпты.

«Бірнеше жылымды осында өткізгенім үшін барлығына рахмет айтқым келеді. «Қайрат» менің өмірімді өзгертті. Мен өте бақыттымын. Бұрынғы командаларымда Алматыдағыдай көп ойнаған емеспін. Сол үшін «Қайрат» клубына алғысым шексіз. Енді өзімді жаңа чемпионатта сынап көрмекпін. «Қайрат» сапында жүргенде есте қалатын сәттер көп болды. Соның бірі – алғаш рет Қазақстан кубогын ұтып алуымыз. Көбісі, қазіргі кезде еске де алмайды. Маған Қазақстан ұнайды, адамдары ашық жайдарлы, өздеріне тартып тұрады. Отбасыма да осы ел ұнады. Қазақстанда өткізген сәттерімізден ләззат аламыз. Сосын Қазақстан құрамасында ойнаймын ба деген ой болған. Мысалы, футзалда бразилиялық легионерлер өте көп. Мені Бразилия құрамасына алған жоқ. Егер Қазақстан құрамасы шақырғанда қуана келісер едім. Ал қазір мұндай мүмкіндік жоқ, себебі, мен «Қайраттан» кетіп барамын», – дейді Исаэль.

Исаэль мен Аршавиннен бөлек, командадан Шелдон Бато, Акош Элек және Иво Иличевичтердің кетуі мүмкін екені жиі айтыла бастады. «Қайрат» қалай десек те, келесі жылы легионердің санын азайтып, отандық ойыншыларға сенім артуды көздеп отырған тәрізді. Бұл бір жағынан ұлттық құрама үшін пайдалы. Өйткені, қазақстандық ойыншылар алаңға көбірек шығып, тәжірибе жинақтайды, шеберліктері шыңдалады. Әйтпесе, көп ойыншылар легионерлердің көлеңкесінде қалып кетіп жатыр. Не де болса, «Қайрат» клубына жаңа маусымға сәттілік тілейміз!


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ

Загрузка...