«Маған пайғамдардың ұрпақтары таңғалды»: Жүз рет қажылыққа барғанын дүркіретіп тойлаған қажы әрекетін түсіндірді – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Үлкен және кіші қажылыққа 100 рет баруының құрметіне «Шүкір» тойын жасаған Амангелді қажы Еренғайыпұлы Әбдіхалық неліктен дүркіретіп той жасағанын түсіндірді. Айтуынша, ол 400 адамды қонақ еткен тойы осынша талқыға түседі деп ойламаған.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Адырна» порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Амангелді қажы Еренғайыпұлы биылғы жылдың 3 тамызында үлкен қажылыққа аттанып, сол жолғы сапары 100-інші қажылық болғанын айтты. Сол кезде ол Алладан қажылықтарының қабыл болғаны туралы белгі беруін сұраған.

«Арафатта тұрған кезде Алладан: «Я Раббым Алла , мені 100 рет шақырдың. Егер менің қажылықтарымды қабыл еткен болсаң, маған бір белгі берші» деп сұрадым. Сонда 47 градус ыстық. Бесін намазынан кейін аспанды бұлт торлады да, жаңбыр шелектеп құйды. Сонда менің 22-ші мәрте Арафатта тұруым екен. Сонда мен 22 рет Арафатқа барып тұрып, бірінші рет мұнда жаңбыр жауғанын көрдім. Минада жауғанын көрдім, Қағбада жауғанын көрдім. Арафатта жауғанын сонда көрдім. Алла менің тілегімді қабыл етті деген маған сонда ой келді. «Мені Алла 100 рет шақырды. Мен неге Аллаға шүкір деген шүкіршілік қуанышымды атап өтпеске?!» – деген ой келді», – дейді Амангелді қажы.

Айтуынша, ол Қазақстанға оралғаннан кейін шейхтармен ақылдасып, той жасауды ұйғарған. Ал тойды «Шүкір» деп атауының тағы бір себебі бар екен. 

«21 қазанда 5 ұлдан кейін қызды болдым. Сол себепті тойымды «Аллаға шүкір» және «Шүкір» деп атадық. Елдің бәрі 100 рет қажылыққа барыпты деп жатыр ғой. Мекке-Мәдинеге 100 сапар деп атадық. Сонда менің жасаған 100 сапарымның 22-сі үлкен қажылық, 78-і умра, яғни кіші қажылық», – дейді ол.

Амангелді қажының тойынан кейін оны көпшілік қызу талқыға алған еді. Кейбірі «енді өзгелері бірнеше жыл намаз оқып, ораза ұстағанын да атап өтетін» шығар деген пікір айтқан. Алайда Амангелді қажы намаз бен оразаны қажылықпен салыстыруға болмайды дейді.

«Кейбіреуі «ертең біреуі 50 жыл намаз оқығанын тойлаймын, 40 жыл ораза ұстағанын тойлаймын деп шығуы мүмкін» деп айтып жатыр. Онымен бұны салыстыруға болмайды. Ораза, намазды кез келген адам ұстауы мүмкін. Ал қажылыққа кез келген адам бара алмайды. Қажылыққа тек Алла шақырған адам барады», – дейді қажы.

Сонымен қатар Амангелді қажы Еренғайыпұлы өзінің тойы көпшіліктің қызу талқысына түседі деп ойламағанын айтады. Мен ақшасы асып-тасыған адам емеспін, дейді ол.

«Менің бар байлығым – осы 16 мың қажым. Біз бұл тойды өткізгендегі мақсатымыз не? Біз Аллаға шүкір қылып, осы тойды жасадық. Шетелдерден қонақтар шақырдық. Мысалы, қасиетті Меккеден пайғамбарымыздың 44-інші ұрпағы шейх турки Әш-Шәриф келді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.)  тікелей ұрпағы Хасаннан тарайтын Сауд Арабиясындағы ресми ұрпағы. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) Құдыс қаласындағы Палестина өлкесіндегі ресми ұрпағы Шейх Мәзин Әш-Шәриф келді. Доктор Ато Әс-Сибати келді. Ондай кісілер менің тойыма не үшін келді? Менің 100 пайғамбардың басына зиярат еткеніме таңғалып келді. Біз оларға нағыз қазақтың тойын көрсетік. Тазы, бүркіт, сұңқаларымызды көрсеттік. Тойда дәстүрлі және рухани әндер орындалды. Осы той арқылы қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрімізді көрсеттік. Әлі күнге тамсанып, ризашылықтарын білдіруде. Төрт жүзге жуық қонақ шақырдым. 80 пайыз қонақтарым қажыларым, 15-20 пайыз туыстарым болды», – дейді Амангелді қажы. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Амангелді қажы Еренғайыпұлының қажылыққа 100 рет барғанын атап өткені туралы хабарлаған едік. Желіде тойдың видеосы тарап, жұрттың талқысына түскен-ді.

stan.kz

Загрузка...