«Күйеуге шығуды өзім де мүлдем ойламаймын»: Q-POP бағытындағы жас орындаушы Зируза неліктен тұрмысқа шыққысы келмейді? – Қазақстан жаңалықтары

0

Q-POP бағытындағы жас орындаушы Зирузаның бір күні қалай өтеді? Қымбат киіне ма, киімдерін қайдан алады? Бұл туралы әнші Stan.kz ақпарат агенттігіне сұхбатында айтып берді. Сондай-ақ, әнші Ninety One тобындағы Bala-ға қатысты айтылып жүрген қарым-қатынасы жайында және сахналық образы туралы әңгімелеп берді.

Зируза

–    Зируза, бейнебаяндағы билеріңе қарап тамсанатындар көп. Жалпы бимен бала кезден айналысасың ба?
–    Жоқ, мен кішкентай кезімде тек ән айтатынмын. Биге мүлдем барған емеспін. Одан гөрі нешетүрлі аспаптарда ойнауға қызығатынмын. Анам биге бергісі де келген. Бірақ менің онша құлқым болмады. Бірақ үлкен сахнағаға келгелі бимен айналысуыма тура келді. Қазір продюсерімнің қадағалауымен биге барып жүргеніме үш жыл болды. Бірақ алғашқы кездері биден шаршайтынмын. Ерінетінмін. Содан кейін түрлі жаттығулардан денем ауырып қалатын. Кейде тіпті жылап қалатынмын. 

–    Биге дейін продюсердің қадағалауында екенсің. Продюсерің қатал ма?
–    Қатал емес. Ерлан ағаның адамгершілігі мен түсіністігі өте керемет. Маған ақыл-кеңестерін айтып отырады. Мен ол кісіні қатты сыйлаймын. 

–    Ал не нәрселерге шектеу қояды?
–    Халықтың ортасында жүрген адаммын. Тіпті кейбір жасөспірім қыздар маған еліктейді. Сол себептен де ол кісі менің түнгі клуб сияқты жерлерге баруыма тыйым салады. Айтпаса да белгілі ғой. Ондай жерлерде адамдар көріп қалса, ертеңгі күні менің шығармашылығыма зиянын тигізуі мүмкін. Түнгі клубқа өзім де қызыққан емеспін. Тіпті барып та көрмегенмін. 

–    Көп жерлерде Зируза дегенде көбіне Ninety One тоындағы Bala-мен махаббаттарың туралы айтылады…
–    Бұл сөздер үш жылдан бері айтылып келеді. Тізесі шыққан әңгіме болып барады. Мұндай сұрақтарға жауап бергім келмейді. Бұл бұрын болған дүние. 

–    Ал қазір кездесіп жүрген жігітің бар ма?
–    Жоқ, өйткені келісімшартта жігітпен жүруге шектеу қойылған. Сол себептен келісімшарттың мерзімі біткенге дейін жігіт туралы ойламауым керек. 

–    Ал келісімшарт қанша жылға жасалған? Тұрмысқа шығуға да сонда тыйым салынған ба?
–    Келісімшарттың мерзімін айта алмаймын. Ал тұрмысқа продюсермен жұмысым тоқтағанша шықпауым керек. Күйеуге шығуды өзім де мүлдем ойламаймын. Тіпті анам да «Күйеуге шығып үлгересің» деп айтады. Сол үшін қазір жастық шағымда сүйікті ісіммен айналысқаным дұрыс. 

–    Сахналық образың да ерекше. Киімдеріңді кім таңдайды?
–    Продюсерім Ерлан Әлімовтың жұбайы – менің жеке стилистім. Көбіне сол кісі жасайды сахналық образдарымды. Дегенмен де басқа кісілермен жұмыс жасауға тырысамыз. 

–    Жалпы киімдерің қымбат па?
–    Сахналық образдағы киімдерім қатты қымбат емес. Орташа бағада. Ал өзім өте қарапайым киінемін. Тіпті Секонд-хендтен де киіне аламын. Киім қатты таңдамаймын. Киімдерімнің бағасы көбіне бес мыңнан басталып, он мыңға дейін деп айтар едім. Өзім кең киімдерді жақсы көремін. Сол себептен сауда орталықтары немесе сол жаңағы секонд-хендтен киінемін.

–    Бір күндік жоспарың қалай өтеді?
–    Бір күнім әдеттегідей өтеді. Мысалы, бүгін таңнан бастап киім өлшеуге бардық. Бірақ ол бізге сай келмеді. Дәл маған ұнайтындай киім болмай тұр.Тағы да іздейтін болып шештік. Күнделікті вокалдан сабаққа барамын. Одан кейін міндетті түрде би. 

–    Күнде би мен вокалға барасың. Ал өзіңе уақыт қала ма?
–    Аптаның бес күні қатарынан би мен вокалға барамын. Яғни, күнде жаңа нәрселер үйреніп, өзімді дамытып жүрмін. Ал сенбі-жексенбі күндерімді  отбасым және достарыммен өткіземін. Уақытымның тығыз болғаны маған ешқандай кедергі келтірмейді. Өйткені ең бастысы өзімді жақсы бағытта дамытып жатырмын. 

–    Форма сақтау үшін диета ұстайтын шығарсың иә?
–    Жоқ, ешқандай диета ұстамаймын. Тек жатар алдында тамақ жемеймін. Себебі асқазаныма артық салмақ түсіп кетеді. Негізі аса қатты диета ұстап керек емес деп ойлаймын. Барлығын өз мөлшерінде тұтынған дұрыс сияқты. 

–    Ал бетіңе қандай күтім жасайсың?
–    Бет-әлпетіме керемет күтім жасаймын деп айта алмаймын. Косметолог мамандарына барған емеспін. Барлық қыздар секілді мен де боянамын. Бірақ ең бастысы жатар алдында макияжды толықтай жуып тастау керек. Қазір менің жасымдағы қыздар make up көп қолданады. Сөйтіп ұйықтар алдында көбісі өшірмей жата салатынын байқаймын. Бірақ ол беттің терісіне зиян. Өз басым түсірілімнен келгеннен кейін бірден бетімді жуып, душқа түсемін. Сөйтіп асықпай шәй ішемін. 

–    Шығармашылығыңда қандай жаңалықтар бар?
–    Барлығын ашып айтатын болсам, өте көп жаңалық бар. Осы қыс айынан бастап қызу жұмыс жасау үстіндеміз. Жанкүйерлердің сүйіп тыңдаған «Көбелек» әнінің толық нұсқасын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал бейнебаяны қандай болады, ол – құпия. Өте жақын арада жаңа үнтаспамды шығарамыз. 

Сұхбаттасқан Анар Дәукен

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз