Комитет үстінен шағым түсірген италиялық компания сотта жеңілді

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты автомобиль жолдары комитетінің үстінен шағым түсірген италиялық Todini Impregilo Kazakhdorstroy құрылыс компаниясы сотта жеңілді деп хабарлады 25 наурызда әділет министрлігі. Шағым иелері соттан 20 мен 32 миллион доллар аралығында өтемақы өндіріп беруді сұраған.

Министрліктің ақпараты бойынша, 2018 жылы 16 ақпанда италиялық компания Халықаралық сауда палатасының арбитраж институтына аталған комитет үстінен шағым түсірген. Олар 2017 жылы 14 сәуірде шыққан дауларды реттеу бойынша кеңес шешіміне сүйенген.

Дауға Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз беру туралы келісім аясында жүзеге асырылған “Алматы – Қорғас” жобасы бойынша туындаған мәселелер негіз болған.

“Дауларды реттеу бойынша кеңестің Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты автомобиль жолдары комитеті мен Todini Impregilo Kazakhdorstroy компаниясы арасындағы дауды қарастыруға құзыреті жоқ екені анықталды. Осылайша кеңестің 2017 жылы 14 сәуірде комитетке қарсы шығарған шешімі жүзеге аспайтын болды” делінген әділет министрлігінің хабарламасында.

2019 жылы 18 наурызда Қазақстан мүддесіне қарай шешім шығарған Париждегі Арбитраж соты Todini Impregilo Kazakhdorstroy компаниясының комитетке қарсы өзге де талаптарын қанағаттандырмаған.

Azattyq

Загрузка...