Көмек пен еңбек жаңа қонысты құтты етеді

48
- Жарнаманы баса кетіңіз -

Қаңтарбаевтар қиналған жоқ

– Қостанайға қоныс аудар­ғанымызға еш өкінбейміз, құтты қонысымыз болар деп отырмыз, – деді Кәмшат Қаңтарбаева. Ағашты, жайылымы да бар, газбен қамтамасыз етіл­ген аудан Ерлан мен Кәм­шатқа ұнайды да, олар еш ой­ланбастан Жаңа­өзен­дегі үйі мен көлігін сатып, Си­лантьев­тен ескі болса да 3 миллион теңгеге шағын 4 бөлме­лі үй сатып алды. Бес ба­ла­сының алды жұмыс істейді, кейінгілері мектепте оқып жатыр, Кәмшаттың өзі кішкентайымен үйде отыр. Жаңа­өзенде төрт түліктің жағ­да­йын жақсы білетін Ерлан мұнда да мал өсіруді мақсат тұт­қан болатын. Қазір несиеге мал алып, шаруасын ыңғайластыра бастады. 

– Туған жеріміз ғой, Жаңа­өзен­­ді жамандамаймыз. Ол жақта да біз еңбектен қашқан жан емес­піз. Мал ұстадық, бірақ мұнда­ғы­дай шөп қайда? Ал көшіп келген жерімізде малдың жем-шөбі мол екен, соған қуандық. Мемлекет жақсы іске мүмкіндік жасады. Әрі қарай ауыз аша беруге болмайды. Аллаға шүкір, біреуден кейін, біреуден ілгері тұрып жатырмыз, – дейді Кәмшат.

Қостанайға қоныс аударған Қаң­тар­баевтар келгелі еш­нәр­се­ден қиналмапты. Екіншіден, үй­ін, көлігін сатып, қаражатпен келуі де ой-шұқыры көп, әлі та­ныс емес ортада тұрмысын тө­мен­­дет­пеген. Алтынсарин ауда­­­­нындағы жұмыспен қамту орталығы мамандарының қоныс ау­дарып кел­ген­дерді қарсы алып, қандай мәсе­ле болса да жа­ны­­­нан та­бы­лып, білікті кеңес беруі де Қаңтар­баевтардың жолында Қыдыр кез­дес­кенмен бірдей болыпты. Жер­гі­лікті жер­де­гі іс қағаздарын жүргізуде, адамдардың ара­ласуында әлі орыс тілінің тара­зы­сы басым. Ал Қаңтарбаевтар таза қазақ тілді ортадан келді. Бұл орайда да адамдардың олар­ды бауырындай жылы тартуы жағдайды жеңілдетіп, ортаға тез сіңісіп кетуіне ықпалы бол­ды. Қазір Қаңтарбаевтар жеке бизнесін дамытуды ғана ой­лайды, қалған қиындықтар олар үшін мақсатқа жетудегі жол­дың кедір-бұдыры ғана болып қалды.

Бар мәселе баспанаға тіреледі

Наурызым ауданы – Қостанай об­лы­сын­дағы шалғай аудан­дар­дың бірі, аудан орталығы Қара­мең­ді Қостанайдан 200 шақырым, ал Қайғы сияқты шалғай ауыл­дары 400 шақырым болады. Бірақ құтты қоныс еткісі келген жанға жердің шалғайлығы жоқ екен. Наурызым ауданына қазір Атырау, Алматы, Қы­зылорда, Түркістан об­­лыс­тарынан 8 отбасы көшіп келіп, тірлігін бас­тап кетті.

– Келіп жатқан ағайынның еш­қайсысы да жұмыссыз қалған жоқ. Бірі аспаз, бірі мұғалім, дә­рігер, бала­бақша тәрбие­ші­сі болып ор­­на­ласты, тіпті мем­ле­кет­тік қызметке кіргені де бар. Бір азамат өзінің жеке бизнесін баста­ды, – дейді аудан­дық жұ­мыс­пен қамту бөлімінің басшысы Гүлжанат Тәжібекова.

Сол бизнесін бастаған Абзал Бегімбетовтің Алматы облысынан көшіп келгеніне 5 айдың жүзі болыпты. Төрт баласы бар. Өзі ағаштан түйін түйетін шебер екен. 

– «Өз үйім – өлең төсегім» деген емес пе қазекем? Біз жақ­та ха­лық тығыз ғой. Өмір бойы төрт баламен үй жалдап келдік. Көшіп-қонуға сол жақта-ақ үй­ре­ніп кеткенбіз. Тозығы жеткен үйлер ауылдың өзінде 7 миллион теңге тұрады. Ал мен бұл жақтан дәл содан кем емес үйді 600 мың теңгеге алдым. Бұл жерде өз бизнесімді ашуға талпынып жатырмын. Мен – ағаш шеберімін, бұл өнерсіз өмір сүре ал­май­тындай көремін өзімді. Жасаған бұйымдарым бұл жерде де өтіп жатыр. Наурызым да қа­зақ­­­тың керемет жері ғой, өгей­­ситіндей ештеңе жоқ. Еңбек етсең, қазақтың қай жерінің де бөтендігі жоқ. Ал еңбек ет­пей­тін­дер көшпесе де болады, – дейді Абзал.

Алайда, Қостанай өңіріне қоныс аударғандардың барлығы бір­дей баспанасын Абзал се­кіл­ді алып жатқан жоқ. Облыс ор­та­лығына іргелес Қостанай, Алтын­сарин секілді аудандарда қа­мыс­тан салынған, тозығы жетіп тұрған шағын үйлердің өзі 1,5 миллион теңгеден 4 мил­лион теңгеге дейін барады. Одан да қымбаттары бар. Оңтүстіктен қоныс аударушыларда да, оралмандарда да ондай ақша табыла бермейді. Ал мемлекеттің берген қаржысы баспанаға жетпейді. Биыл жыл бойы келгендерден 105 от­басы үй сатып алған, 66 отбасы әлі жал­дап тұрып жатыр. Ауылдарда қарағайдан салынған еңселі үйлер жоқтың қасы. Бар­лы­ғы­ның да салынғанына 40-50 жыл болған, тозығы жетіп тұр. Қос­та­найға түпкілікті орналасамын деп келген ағайынның көңі­лін алаң ететін де осы баспана мә­селесі.

«Білмейтін жердің ой-шұқыры көп»

Иә, осы бір ауыз сөзден қоныс аударушылардың бірталай өзекті мәселесі қылтияды. Қостанай өңі­рі­не қоныс аударушылардың орналас­­қанша өткеретін қи­ын­­­­­­­дық­­­тары жетерлік. Оны Науры­зым аудандық жұмыспен қам­­ту бө­лімі­нің басшысы Гүл­жа­нат Тәжібекова да айтады. 

– Көшіп келген адамдардың тұрмыс жағдайы әртүрлі. Кейбір кісілердің жол қаражаты өзінде, ешкімге салмағын салмауға тырысады. Бірақ қоныс аудар­ған­дар­дың көпшілігі көк тиынсыз келеді. Сондай бір отбасына ауыл болып, киім-кешегін, керек-жара­ғын жинап берді. Қостанай жері оңтүстікке, батыс облыстарына қара­ғанда салқын, оның үс­ті­не қа­­қа­ған қыс та келді. Сон­­­дық­­тан ол­арға жылы киім, ыдыс-аяқ керек. Біз келгендерге қолдан кел­геннің барлығын жа­сай­мыз, жергі­лікті ағайын қо­нақ­жайлылығын да көрсетеді, – дейді Гүлжанат Төлеуқызы. 

Мұның барлығы ұсақ-түйек көрінгенімен, қоныс ау­да­ру­шы­ларға оңайға түспейді. Бұл қоныс аударушылар келіп жатқан аудандардағы көрініс, қоныс тепкен ағайындар үшін де ортақ қиын­дық болып отыр. Облыс ор­та­лығына жа­қын Алтынсарин ауданына да оңтүстік және батыс облыстардан 10 отбасы келген.

– Ауданға нағыз қажет дә­рі­гер­­лер, малшылар келіп жатыр. Барлығы да жұмысқа орналас­ты. Олар үйренісіп кеткенше жұмыспен қамту орталығының мамандары қолдан келгеннің барлығын жасайды, кеңес береді. Алайда, олар әбден орналасқанға дейін қолайсыздықтар болғанын мен де айтар едім. Ауылда қала­да­ғыдай қонақүй жоқ. Ауыл­да­ғылар ағайынгершілікпен үйі­не шақырады, қондырады. Бірақ бұл бар мәселені шешпейді ғой. Қар­сы алу ісі­нің бел­гі­лен­ген, қар­жы қарас­тырылған жүйе­сі болғаны дұ­рыс болар еді, – дейді Алтынсарин аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қойшығара Оспан.

Осы кезге дейін облысқа қо­ныс ау­дарғандардан үш от­ба­сы ғана ке­рі қайтыпты. Ол­­ар­­­­дың еке­­уі от­­­­ба­­­сын­­дағы қай­­ғылы жағ­­­­дай­­ға бай­­­ла­­нысты амал­­сыз ке­туге мәж­бүр бол­ған. Бір адам мем­лекеттің бер­ген көме­гін аз­сы­нып, «жылы орнын суытпауды» ойлапты. Қоныс аудару­шылардың ұс­ын­­ған жұмысқа бар­май, бір­сы­пыра­сы­ның өз ісін ашуға талпынуы қуантады. Алай­да, ол бірден біте қалмайды, жер телімін, несие алу, жергілікті жерді танып, білуі уақытты қажет етеді.

Облысқа алыс-жақын шетел­­­дер­­­ден ке­летін қандас ба­уыр­лар­­ды орналастыру да осы Нә­ти­­желі жұмыспен қамтуды және жап­­пай кәсіпкерлікті да­мы­тудың 2017-2021 жылдарға ар­нал­ған бағдарламасы бойынша жүр­гі­зіледі. Жыл басынан бастап Қостанайды атамекен деп келген 514 адам оралман мәр­те­бе­сін алған. Негізінен ағайын­дар Өзбекстаннан келіп жатыр. Олардың ішінде 125 адам, яғни 38 отбасы квотамен келген. Жұмыс жасындағы 54 адамның 29-ы жұмысқа орналастырылған, бір адам өзінің ісін ашқан. 

– Атамекенге келген ағайын­дар­ға жергілікті жерді таныстырып, кеңес, көмек беру жағынан еш кінәрат жоқ. Балалары мек­теп­­­терде оқып жатыр. Оларда бір ғана өзекті мәселе бар. Бұл – баспана. Қайдан келсе де оларға баспана жағынан көмек болса, олардың жерсінуі, ертеңгі күніне сенімі де мығым болар еді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және мемлекеттік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Дәмила Ақпанбетова. 

Осы мәселелер шешімін тапса, Қостанай талай жанға құтты қоныс болары хақ. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Загрузка...