Көкшетауда мектепті белгісіз дерт жайлады: 80 бала сырқаттанып қалды

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Білім ошағын дүрліктірген дерттің себеп-салдарын санитар мамандар анықтап жатыр. Асханадағы тағамнан сынамалар алынып, балалар анализ тапсыруға жіберілген

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Көкшетауда бір күнде 80 бала ауырып мұрттай ұшты. Қала орталығындағы №2 мектепте 260 оқушы сабаққа келмей қалды.

Аяғынан тік тұрған дәрігерлер үй-үйді аралап, мектептегі балаларды да бастан-аяқ тексеруге кіріскен. Олардың барлығы жүрегі айнып әлсіреген, деп хабарлады КТК.

Тағы оқыңыз: Үйлену тойында қонақтар жаппай уланды – қылмыстық іс қозғалды

Бұл – қала орталығындағы 2200-ге жуық оқушысы бар ең үлкен мектеп. Бір сәтте 80 оқушы ауырып қалғанда мектеп басшылығы дабыл қаға бастаған. Санитар мамандар мектеп асханасынан қажетті сынамалар алыпты. 

«Бүгін 260 оқушы мектепке келмей қалды. Көбін ата-аналары қауіптеніп жібермей қалған. Солай деп мектепке хабарласты. Бұл жағдайдың неден болғанын айта алмаймыз. Асханада улануы мүмкін емес. Барлық бала тамақ ішіп жүр ғой. Қажетті тексеру жұмысын ұйымдастырып жатырмыз», — дейді мектеп директоры Гүлнар Әбдіқасымова.

Оқушылармен бірге екі мұғалім де науқастанып қалған. Іші ауырып, құсып, басы айналып мектепке келе алмағандарды дәрігерлер қарап жатыр. Сабақ үстінде де балалардың денсаулығын тексеруде.

«Кеше мектепте 300, бүгін 150 баланы қарап үлгердік. Ауру белгілері байқалмады. Жағдайлары жақсы. Сырқаттанып қалған балалар анализ тапсырып жатыр. Оқушыларды түгел қарап шығамыз, әзірге нақты диагнозын айта алмаймыз», — деп түсіндірді терапевт дәрігер Мәдина Сағымбаева.

Білім ошағын дүрліктірген дерттің себеп-салдарын санитар мамандар анықтап жатыр. Асханадағы тағамнан сынамалар алынып, балалар анализ тапсыруға жіберілген. Сондықтан дәл қазір диагнозды дөп басып айту қиын дейді мамандар. Вирустық инфекция ма, әлде улану ма, ол енді сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.



sputniknews.kz