Каспий теңізінде тосын оқиғаларға жол бермеу үшін не істеу керек?

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Әскери кемелер мен әуе кемелері бір-біріне жақындаған кезде тыйым салынатын әрекеттер анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Мәжіліс «Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілісте Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Келісімге былтыр 20 тамызда Ақтау қаласында қол қойылған.

Келісімнің мақсаты –  Каспий теңізінде Каспий маңы мемлекеттерінің аумақтық суларынан тыс әскери кемелердің жүзуі мен әуе кеңістігінде әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, келісімнің ережелеріне сәйкес, әр тараптың әскери кемелері мен әуе кемелері басқа тараптың әскери кемелері мен әуе кемелеріне жақындаған кезде қауіпсіз ара қашықтықта болып, барынша сақтық танытуы қажет. Сондай-ақ, ол әскери кемелер мен әуе кемелері бір-біріне жақындаған кезде тыйым салынатын әрекеттерге тоқталды.

Біріншіден, жауынгерлік маневр жасау, қаруды, зымырандарды, ұшу қондырғыларын, торпедалық аппараттар мен қару-жарақтың басқа да түрлерін бұру жолымен шабуылдарды имитациялауға тыйым салынады.

Екіншіден, теңізде жүзу немесе ұшу үшін қауіп төндіретіндей не теңізде кедергі келтіретіндей қандай да бір заттарды тастауға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, әскери кемелер мен әуе кемелеріндегі жеке құрамның денсаулығына зиян келтірмеуі керек, жабдықтарына залал тигізбеуі тиіс.

Үшіншіден, жақын арақашықтықта қауіпті маневр жасауға, радиоэлектрондық және навигациялық құралдарға қасақана тосқауыл жасауға тыйым салынады.

Сондай-ақ, тараптардың әскери кемелері мен әуе кемелері радиобайланысты орнату кезінде ағылшын тіліндегі шақыру белгілерін пайдаланады. Радиобайланыс ағылшын немесе басқа да ыңғайлы тілдерде жүзеге асады.

Төменгі палата депутаттары бұл заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

 



sputniknews.kz