Кандидат Еспаева қазақ тілінен емтихан тапсырған соң көзіне жас алды

0

«Ақ жол» партиясынан сайлауға түсетін кандидат Дания Еспаева қазақ тілінен емтихан тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. «Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаева қазақ тілінен емтихан тапсырғаннан кейін көзіне жас алды.

«Қалай уайымдағанымды өздеріңіз көріп тұрсыздар… Бұл мен үшін өте маңызды күн. Өмірімде үшінші рет емтихан тапсырдым: алғаш рет мектепте, екіншісін институтта, үшіншісін қазір. Бұл өте жауапты сәт еді, түрімнен де көрініп тұрған шығар. Бәрі ашық өтті. Тақырыптарды таратып берді, барлығы үш тапсырма болды. Тапсырмалар өте қиын, бірақ қызықты», — деп Дания Еспаева алған әсерімен бөлісті.

Емтихан тапсырған соң кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия Еспаеваның жауабын бағалап, қорытынды шығарды.

«Жазбаша жұмысында Дания Еспаева тақырыпты жақсы меңгерген, сауатты, терең талдау жасаған. Екінші тапсырма бойынша, ол Мұқағали Мақатаевтың екі өлеңін оқыды. Қазақ тілінің нормасына сай сөздерді анық айтып, ойын жеткізе білді. Үшінші тапсырма бойынша «Қоғам және демократия» тақырыбында 15 минут сөйледі. Өзін саяси жағынан танытып, қоғамның хал-ахуалын жақсы білетінін көрсетті. Біздің сұрақтарымызға жауап берді. Комиссия мүшелері дауыс бере келе, «Дания Мәдиқызы Еспаева  мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген қорытындыға келдік», — деді комиссия мүшесі Сейіт Қасқабасов.



sputniknews.kz