Экономика министрі жыл басынан бері ЖІӨ қанша процентке өскенін баяндады

0

Экономиканың өсуіне базалық салаларда өндірістің ұлғаюы, ішкі сұраныстың артуы мен көрсетілетін қызметтер секторының дамуы, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру факторлары әсер еткен

НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Он бір айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 процентті құрады. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Жыл басынан бері экономиканың өсуі байқалып отыр. Он бір айда жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4%-ті құрады», — деді Дәленов үкіметте қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндамасында.

Министрдің айтуынша, экономиканың өсуіне базалық салаларда өндірістің ұлғаюы, ішкі сұраныстың артуы мен көрсетілетін қызметтер секторының дамуы, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру факторлары әсер еткен.

Жалпы ішкі өнімнің өсіміне шикізаттық емес сектор ең үлкен үлес қосты. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі, көрсетілетін қызметтер секторы және құрылыс саласы негізгі рөл атқарды.

«Жалпы ішкі өнімнің өсу үрдісі өткен жылдың қазаны мен қарашасында жалпы ішкі өнім 4,1%-ке өскенін көрсетеді. 2018 жылдың қорытындысы да 4,1%-пен аяқталды. Ал осы жылдың қазан мен қараша айларында экономика өсімі 4,4% болды. Осыған байланысты желтоқсан айында да бұдан төмен болмайды деп ойлауға негіз бар», — деді ведомство басшысы.

Тағы оқыңыз: Жыл басынан бері халықтың табысы қаншаға өскені белгілі болды

Ал он бір айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,3%-ке дейін артқан. Қараша айында жылдық инфляция 5,4%-ті құрады. Халықтың  табысы қаңтар-қазанда 5,7%-ке өсті. Сыртқы сауда айналымы 79,1 миллиард долларға жетті. Экспорт көлемі 47,7 миллиард долларды, ал импорт 31,4 миллиард доллар болды.



sputniknews.kz