Халқына жарқын болашақ сыйлаған қайраткер

62
- Жарнаманы баса кетіңіз -

Мемлекеттер басшылары өздерінің сөйлеген сөз­дерін­де барлық салада дерлік бауыр­ластығымыз бен ынтымақ­тас­ты­ғы­мызды дамытып, жетілдіру туралы әртүрлі ұсыныстарын айтып жатты. Сөз кезегі Нұрсұл­тан Назарбаевқа келгенде ол: «Бауыр­ларым! Осында жиналғандардың барлығы біздің туыс халықтар екенімізді айтуда. Бұл өте орынды. Алайда, біздің балаларымыз, өскелең ұрпағымыз өздерінің бауырлас екенін біле ме? Жаңа буын жас­тарымыз бір-бірінің туыс, бауыр екенін білу үшін ортақ тарихымызды, ортақ әдебиетімізді және ортақ сөздіктерімізді жасап, жас ұрпаққа оқытуымыз керек. Тіпті ортақ әліпби қолдануға тиіспіз», деді. Бұл сөз баршаның көңілінен шығып, ду қол шапалақпен қо­шемет көрсетілді. 

Н.Назарбаевтың жобасын жүзеге асыру баршамыздың мін­де­ті­міз еді. Бауырлас респуб­ли­ка­лар­дың академиктерін Анкараға ша­қырып, бір жарым жылға жуық уақыт бірге жұмыс істедік. Ор­тақ тарихымыз, әдебиетіміз бен тіліміз саласында қажетті істерді аяқтадық.

Жаңа қазақ мемлекетінің құ­ры­лып, қалыптасуына Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын барша жұрт жақсы біледі.

1989 жылы Қазақстан басшысы болып тағайындалған Назар­баев елдің Мәскеуден емес, Ал­матыдан басқарылуы керек еке­нін айтып, Қазақ елінің егемен­дік мәртебеге қол жеткізуін қамта­масыз етті. Сонымен қатар ол Кеңес одағы құрамындағы респуб­ли­калар арасындағы қатынас­тың да әділ жүргізілгенін қалады. Нұр­сұлтан Назарбаевтың бұл тұжы­рымы өзге де кеңестік респуб­ли­калардың үлкен қолдауына ие болды.

Ұлттық құндылықтарды ұлық­тап, қазақ мәдениетінің дамуы мен кең құлаш жаюына барынша мүмкіндік жа­са­ған көреген, дана басшы Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы қаулы қабылдап, қазақ тілін Қазақстанның мемлекеттік тілі деп жариялады.

Сонымен қатар ол тек тұрақ­тылық арқылы ғана демократияға қол жеткізуге болатынын жете түй­сінді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мәселелер бойын­ша барынша сауатты саясат жүргізе отырып, әртүрлі түсі­ніс­пеушіліктер мен келіспеушілік­тер­дің алдын ала білді.

Қазақстан тәуелсіздігін ны­ғайту мақ­сатында Н.Назарбаев та­бан­дылықпен елінің еркін нарық­тық экономикаға өтуі үшін қажетті шешімдер мен нақты шаралар қабылдады. Бұл салада тиісті реформалар жүргізген Н.Назарбаев АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Англия және Түркия сияқты шетелдерге ресми сапар­мен барып, оларды Қазақстанға ин­вес­­тиция салуға шақырды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның эко­номикалық еркіндікке қол жеткізуі жолында үлкен қызметтер атқарды. 

Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жыл­дардың басында елі үшін басын бәйгеге тігіп, үлкен табандылық танытып, батыл қадамдар жасады. Мысалы, қазақ халқының өміріне зор қасірет әкеліп, қатер төндірген Кеңестік ядролық жарылыс аймағы болған Семей полигонын өзі қабылдатқан қаулысы арқылы жаптырды. 

Қазақстан Республикасы көрші­лері­мен тату мәмілеге келе отырып, арадағы шекараның мызғымайтынын білдіретін келісімшартқа қол қойып, бұл мәселені де ресми түрде шешті. Шекара мәселесін осылайша түбегейлі шешу – Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқы алдындағы ең үлкен еңбек­терінің бірі. 

Негізін Нұрсұлтан Назарбаев қала­ған тәуелсіз Қазақстан Республикасы «қазақтардың оянуы» ретінде тарих беттеріне алтын әріптермен жазылып, ғасыр басында «Оян, қазақ!» деп ұран­даған Міржақып Дулатұлы сын­ды Алаш қайраткерлерінің рухын шат­тандыр­ғаны ақиқат.

Тағы бір айтулы еңбегі – Қазақ­стан­ның қаржы-экономикалық сала­дағы тәуелсіздігін дер кезінде, әрі сауат­ты түрде қамтамасыз етуі. Осылайша экономикалық реформаны жүзеге асыру жолында маңызды қадам жасалып,  1993 жылы қарашада нарыққа жаңа қазақ ақшасы – теңге енгізілді. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың экономиканы тұрақтандыру жөнінде қолданған шаралары әлемдік қауымдастықтың назарынан тыс қалған жоқ. Оған деген сенімнің нәтижесінде Қазақстанға шетелдік инвестиция ағыла бастады. Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры және Шығыс пен Батыстың дамыған елдері Қазақстанға инвес­ти­ция салуға тілек білдіре бастады. Елба­сы­ның дер кезінде тиімді ш­ешім қабылдауының нәтижесінде жас мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кез болған қиыншылықтарды тез жеңе білді. 

Қазақстан Президенті қаржы саласында терең реформалар жүргізіп, оны жаңа белеске көтерді, шағын және орта кәсіпкерліктеріне қолдау көрсетіп, Қазақстанның өнеркәсібі мен өндірісін дамытты.

Міне, жоғарыда айтылған жайттардың барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мемлекет құрып, туған халқына жарқын болашақ сыйлаған көрнекті қайраткер екенін айғақтайды. 

Мехмет САРАЙ,

Түркиядағы Байкент университетінің профессоры

Загрузка...