Гуайдо азаматтарды елде «бұрын-соңды болмаған ірі наразылыққа» шақырды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Венесуэла оппозициясының жетекшісі Хуан Гуайдо тұрғындарды елде «бұрын-соңды болмаған ірі наразылыққа» шығуға шақырғанмен әзірге онда қанша адам болатыны белгісіз. Билік Венесуэладағы барлық әлеуметтік желілер мен мессенжерлерді бұғаттап тастаған. Бір күн бұрын Каракаста оппозиция мен билікті қолдаған әскерилер арасында қақтығыс болды.

30 СӘУІРДЕ НЕ БОЛДЫ?

Сәуірдің 30-ы күні таңертең Каракаста оппозиция өкілдері мен солардың қатарына өткен әскерилер мен ұлттық гвардия жасақтары, полиция арасында қақтығыс болған. Екі жақ бір-біріне түтін шығаратын заттар, бөтелкелер мен тастар лақтырған.

Қаланың шығыс бөлігінде оппозицияның орталыққа жылжуына кедергі жасаған Венесуэланың ұлттық гвардиясына тиесілі броньды көліктер қатты жылдамдықпен келіп, белсенділер тобын қаққан.

Көшеге шыққан оппозиция жақтастары мен үкімет күштерінің тіресі шиеленісіп, 50-ден астам адам түрлі жарақатпен Каракастағы ауруханаға жеткізілген.

Таңертеңнен бастап мұнда көк лента тағып алған әскерилер көрінген. Бұлар – оппозиция жағына өткен ұлттық гвардия жасақтары мен сарбаздары.

Оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо таңертең Каракас маңындағы Ла-Карлота авиабазасында көк лента байлап алған әскерилер алдында сөйлеп, Николас Мадуро режимі мен Венесуэланың біртұтас социалистік партиясына қарсы шығуға шақырды. Гуайдоның жанында тағы бір оппозиция өкілі, жақында ғана сарбаздар босатқан белсенді Леопольдо Лопес болған.

«Біздің батыл сарбаздар, ержүрек патриоттар, Конституцияға адал қалған азаматтар біздің айтқандарымызға құлақ түріп, көшеде кездестік. Венесуэланың еркіндік пен демократияға қол жеткізетін сәті келді» деді Гуайдо сейсенбі күнгі видео-мәлімдемесінде. Видеода Гуайдо жанында сарбаздар мен әскери техника тұрғаны көрінеді.

Хуан Гуайдо мен Леопольдо Лопес видеомәлімдемесін аяқтайын деп жатқан кезде олардың жанына Мадуроны қолдайтын әскерилер келіп, көзден жас ағызатын газ түтікшелерін лақтыра бастаған. Оппозиция өкілдері түтікшілерді жылдам алып, өздеріне қайта лақтырған. Оқиға орнына көп бейбіт тұрғын жиналған. Бірақ олар болған жайтты тек бақылап, ешқайсысына қосылмаған.

Әзірге Гуайдоны әскерилердің аз бөлігі ғана қолдап отыр. Дәл осы себептен ол венесуэлалықтарды мамырдың 1-і күні жаппай бейбіт шеруге шығуға шақырып отыр. Әзірге оған қанша адамның шығатыны белгісіз.

Оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо халық алдында сөйлеп тұр. 30 сәуір 2019 жыл.

Оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо халық алдында сөйлеп тұр. 30 сәуір 2019 жыл.

Сәуірдің 30-ы күні елдің ақпарат министрі Хорхе Родригес «шағын әскери топ елде төңкеріс жасамақ болды» деп мәлімдеді. Елдің қорғаныс министрі Владимир Падрино бірде-бір әскери «ультраоңшыл фашистік бүлікті» қолдамады деп айтты. Екі шенеунік әскерилердің қарумен ел конституциясын, президент Мадуро мен социализмді қорғауға дайын екенін мәлімдеп, азаматтарды сақ болып, арандатуға ілеспеуге шақырған.

Сәуірдің 30-ы күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео америкалық CNN арнасына берген сұхбатында «Венесуэла президенті Николас Мадуро 30 сәуірде Кубаға қашпақ болды» деп мәлімдеді. Мемлекеттік хатшының сөзінше, ұшағы ұшу алаңында әуеге көтерілуге дайын тұрған Николас Мадуроны Кремль тоқтатқан. Помпео Мадуромен Ресей билігінен сөйлескен адамның атын айтқан жоқ. «Ұшақ Гаванаға қонуы керек еді» деді ол.

Кейінірек Николас Мадуро халыққа арнаған мәлімдемесінде белгілі бір топтардың билікті басып алуға әрекеттенгенін айтып, «Кубаға қашпақ болды» деген тұжырымды жоққа шығарған.

Биыл қаңтарда өзін Венесуэланың уақытша президентімін деп жариялаған Хуан Гуайдоны елуден астам ел Венесуэланың заңды басшысы деп таныған. Николас Мадуро елдегі дағдарысқа АҚШ-ты айыптайды.

Бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтон «Мадуроның жақтастары оны биліктен кетіру жайлы өзара келіссөз жүргізіп жатыр» деп хабарлаған.

Мадуроны Ресей мен Қытай бастаған санаулы ел қолдайды.

Azattyq

Загрузка...