енді кімдерге кредит берілмейтіні белгілі болды

0

Табысы 29 698 теңгеден төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салынады

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметі мен ұлттық банкіне табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салуды тапсырды. Жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.     

«Банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары     бар   Қазақстан   Республикасы   азаматтарының   2019   жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген  айыппұлдары мен  өсімпұлдары есептен шығару жөнінде шаралар қабылдансын», — деп жазылған жарлықта.

Сондай-ақ президент ұлттық банкке өзіне шектен тыс тәуекелдерді алған қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту бойынша мынадай шаралар қабылдауды тапсырды.

  • мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты  тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынсын;
  • табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салынсын; 
  • кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру кезіндегі реттеудің қосымша шараларын көздейтін реттеушілік сипаттағы қатаң шаралар қабылдансын.

Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігіне жүктелді.

Айта кетейік, Қазақстанда 2019 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 29 698 теңге болды.

Тағы оқыңыз: Мемлекет жалпы берешегі 3 миллион теңгеден аспайтын азаматтардың қарызын азайтады



sputniknews.kz