Елордадағы басынан дау арылмаған жер үсті метросының құрылысы тоқтады – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Елордадағы басынан дау арылмаған жер үсті метросының құрылысы енді қашан жалғасатыны белгісіз. Ұлттық экономика министрі оған қаржы тартуды ойластырып жатқанын айтады. Ол үшін бас қаланың әкімдігі мен қаржы министрлігі келіссөздер жүргізуде. Алайда негізгі инвестор – Қытай компаниясы оған неге қаржы бөлмей қойғаны түсініксіз қалып отыр.

Елордадағы басынан дау арылмаған жер үсті метросының құрылысы тоқтады

Бұл туралы Stan.kz «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы жолақысының өзі мың теңгеден асатын жер үсті метросы қажет пе? Жарнамасы жер жарған жоба енді қашан пайдалануға берілуі мүмкін? 

Әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалының арасын жалғайтын жер үсті метросының цемент тіреуіштері ескерткішке айналғандай болып тұр. Біз құрылыс алаңдарын шолып шығып, бірде-бір жұмысшыны таба алмадық. Ал қажетті темір терсектердің жабынын жел ұшырып алып кеткен. Олар жол жиегінде ешкімге керексіз болып жатыр.

Құрылысқа қажетті темір терсектер қолды болып жатқанын бізге жергілікті тұрғындар хабарлады. Себебі біз барған жерлерде оны қарауылдап жүрген жанды кезіктірмедік. Ал қала ішіндегі жеңіл теміржол құрылысын салып жатқан Астана-LRT компаниясы жұмысшылары айлап жалақы алмағандықтан еңбекақыларын төлеуді талап етіп жұмысты тоқтатқан.

“Ақша төлемейінше жұмыс жасамаймыз. Өйткені жігіттердің көбісі жалдамалы үйлерде тұрады да. Өзімде осында жалдамалы үйде тұрамыз. Оларға да айлығын бермегеннен кейін үйлерінен шығуға тура келіп жатыр”, – дейді құрылысшы Жәрдем Жұма.

Жалпы ЛРТ компаниясының атышулы бұл жобасына биыл 10 жыл болыпты. Дегенмен жыр болған құрылыстың бірінші кезеңі де аяқталмаған. Ал оның жұмысы неге тоқтағанын кеше қала әкімі Бақыт Сұлтанов Үкімет басшысы Асқар Маминге айтып берген еді. 

“Мына ЛРТ желісінің құрылысының тоқтауына байланысты ол да әсерін тигізіп жатыр. Бірақ, мен сізге баяндағандай, біз Үкімет пен Ұлттық банкпен бұл мәселені шешу үшін ішкі көздерден қаржыландыру мәселесін пысықтаудамыз”, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.

Ірі құрыстың осылай аяқсыз қалуына алаңдаған көпшіліктің көңіліне  Ұлттық экономика министрі үміт ұялатты. Енді жер үсті метросын аяқтау үшін қаржы тарту жұмыстар жасалып жатыр екен.  

“Қала әкімдігі қаржы министірлігімен бірлесіп, қалыптасқан жағдайдан шығудың жолдарын іздестіріп жатыр. Тезірек қаржы мәселесін шешсек, құрылыс жандануы керек”, – деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Айта кету керек, елордадағы жеңіл релсті LRT ұзындығы 22,4 шақырым болуы керек еді. Бағасы 1 млрд 887 млн доллар. Сонда 1 шақырымның құны 84 млн долларға тең. Белгілі қоғам қайраткері, экономист Мұхтар Тайжан бағасына қарасаң Дубайдағы Бурдж Халифа ғимаратын салып жатқандаймыз дейді. Тіпті америкалық инженер, инвестор Элон Маск ұсынған сағатына 1 220 шақырым жүретін вакуумдық пойыз жобасынан сегіз есе қымбат екен. 

“Илон Масктің Hyperlooр-пен салыстырғанда 8 жарым есе жоғары. Оның жобасы дүние жүзіндегі ең жылдам рельс. Сонда неге біздің рельс сегіз жарым есе көп болуы керек. Меніңше ол өте қымбат. Миға сыймайтын нәрсе бұл. Ол ақшаны біз қытайдан несиеге алып отырмыз. Біздің балаларымыз немерелер ол қарызды қайтаратын болады”, – дейді қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан.

LRT жылдам рельсті жол құрылысы 2019 жылдың желтоқсанында бітіп, 2020 жылы ресми іске қосылуы тиіс еді. Ал құны 2 миллиард долларға жуық жобаның 80 пайызын Қытай даму банкі, қалған 20 пайызы республикалық бюджеттен қаржыландыруы керек болатын. Енді оның құрылысы нақты қашан басталып, пайдалануға қай жылы берілетіні белгісіз. Біздің шенділердің сөзінше, қытай тарапы ақшаны кешіктіргеннен жағдай осындай болыпты-мыс.

 

stan.kz

Загрузка...