Екі ұлына да керек болмаған: Ақтөбелік ер адам туған бауырын баққысы келмей, тастап кеткен — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақтөбелік тұрғын туған бауырын баққысы келмей, бейімдеу орталығына тастай сала, қашып кеткен. Бейімдеу орталығындағылар олардың арасында жақынын есіктің алдына әкеліп, аты-жөнін айтпастан, құжаттарын қалдырмастан қашып кететіндері де болатынын айтады. Тіпті, жақынан құтылуға асыққан кейбіреулері басшысына қоңырау шалып, «әкімдікке айтам, тезірек қабылдап ал!» деп қоқан-лоқы да көрсетеді екен. 

Екі ұлына да керек болмаған: Ақтөбелік ер адам туған бауырын баққысы келмей, тастап кеткен

Сурет: «Еуразия бірінші арнасы»/видеодан кадр

51 жастағы азамат осы уақытқа дейін туған әпкесінің үйін паналапты. Ол о дүниелік болғаннан кейін ағайыны түгілі, туған екі ұлына керек болмай қалғанына қынжылады. Жақындарыма хабарлассам, телефон тұтқасын алмайды, дейді. Орталықтың басшысы ағайындарына қоңырау шалған екен, бірақ ешкім қарайласқысы келмейтін ыңғай танытқан. Ал ер адам ішімдікке салынғаннан кейін осындай күйге түскенін айтып отыр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы». 

Халық «қаңғыбастар үйі» атап кеткен бұл орталықтағылардың тағдыры әрқилы. Осы жерді айлап емес, тіпті, жылдап паналап отырғандар бар. Тұрғындарының 80 пайызы қылмыс жасап, жауапқа тартылғандар. 

Бейімдеу орталығында тұрып жатқан 70-ке тарта адамның ағайындары былай тұрсын, туған балалары да бар екен. Бірақ олар жақындарымен араласқылары жоқ. Өйткені олардың көбісі жазасын өтеп шыққандар. Сондықтан болар, олармен бірге тұрмақ түгілі, тіпті кездесуге де келмейді екен. 

«Бір адам жатыр еді, изоляторға алып, жуындырдық. «Неге құжаттарын жасамайсыздар? Неге бақпайсыңдар? Неге жұмысқа кіргізбейсіңдер?» — дейді. Қайдағы жұмыс? Олар өздері келіп, көріп кетті ғой. Ол жүре алмайды. Мені қорқытады, түсіндірсем, түсінбейді», — дейді «Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық» басшысы Сабырғали Дәулетов. 

Орталықтың байырғы тұрғындарының бірі – 70 жастағы Михаил. Өмірінің 20 жылы темір тордың арғы жағында өткен. Құжатсыз қарияның мұнда келгеніне де он жылға таяп қалған. Қолында құжаты жоқ болғандықтан, оны қарттар үйіне де орналастыра алмай отыр екен. 

Орталықтағы қауіптісі де осы жазасын өтеу орындарынан келгендер екен. Сабырғали Дәулетов олардың арасында «өмір көріп» келдім деп, өзінше «түрме заңын»орнатқысы келетіндер бар, дейді. Мысалы, ешкіммен қол алысып амандаспай, ас-суды бөлек ішіп, бөлек жатын бөлме сұрайтындар да болған. Алайда орталықтың басшылығы учаскелік полицейді шақыртып, олармен әңгіме-дүкен өткізеді екен.

stan.kz