Дос Көшім елдегі митингілер туралы айтты

0

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы жолдауында бейбіт шерулерді өткізуге қатысты тапсырма берген болатын

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Биыл митингілер туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар осы мәселеге қатысты өз ойларын айтты.

Рұқсат беруді алып тастау қажет

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, бүгінде бейбіт шерулер туралы заңның маңызды бір тұсын өзгерту керек. Ол – митингіге жергілікті әкімшіліктің рұқсат беруі. Конституцияда бейбіт шерулерді өткізуге болады деп жазылса да, заң бойынша әкімдіктен рұқсат алу қажет. Ондай рұқсат болмаса, митинг өткізілмейді.

«Ал дамыған елдерде адам құқықтарын шектейтін заңдарды қабылдауға рұқсат жоқ. Демек, Конституцияда жазылған мәселеге одан кейінгі нормативтік заңдар қарсы келмеуі керек. Конституция бойынша рұқсат бар ма? Болды. Ал Конституцияда рұқсат етілген нәрсені әкімшіліктің рұқсатымен өткізуге ғана болады десе, бұл — адам құқықтарының бұзылуы, бұл — Конституцияның бұзылуы. Ал Конституцияның гаранты — президент», — деді Көшім.

Сарапшының сөзіне қарағанда, соңғы үш жылдай бейбіт шерулер мен митингілерге тыйым салынды. Оның себебін де түсіндірмеді. Жергілікті билік қазіргі заңнаманың тағы бір бабын орындамай отыр.

«Ол жерде былай айтылған, егер белгілі бір жағдайларға байланысты нақты бір жерде митингілер мен шерулерді өткізуге мүмкіндік болмаса, әкімшілік қай уақытта митинг өткізуге болатынын айта алады. Мәселен, басқа бір шара өтсе, осындай күні бос, сол кезде өткізуге болады деп жауап беруі тиіс. Бірақ ондай жауаптар да жазылмады. Демек, өздері жасаған заңды өздері орындап отырған жоқ. Қысқасы, жаңадан заң қабылдаудың қажеті шамалы. Бұрынғы заң бар. Соның Конституцияға қайшы келетін баптарын алып тастау керек. Ол – рұқсат беру жүйесі», — деп атап көрсетті Көшім.

Нақты тақырып пен талап жоқ

Дос Көшім қазіргі митингілер мен шерулердің тақырыбына қатысты өз ойын да жеткізді. Оның айтуынша, нақты тақырып пен талап болуы қажет.

«Бізде қазір тақырып жоқ. Әйтеуір қарсылық болсын деп шығамыз. Мысалы, біреуі атом электр стансасы салынбасын дейді. Енді біреу шал кет дейді. Сонда бір бағытта емес, әйтеуір қарсылық үшін шығады. Бізге рұқсат бермедіңдер, бірақ біз бәрібір шығамыз деген сияқты. Сондықтан кез келген шараның нақты тақырыбы болуы қажет», — дейді Көшім.

Осы орайда ол өз кеңестерін де берді. Мәселен, әділетсіз сайлау болса, дауыстарды қайта санау талабын қою қажет. Атом электр стансасы да солай, нақты талап болған жөн.

«Бәлкім, осы мәселе бойынша белгілі бір өзгерістер мен толықтырулар болады. Бірақ Конституцияда жазылған нәрсені заңмен реттеудің қажеті жоқ деп ойлаймын», — деді Көшім.

Ал қоғам белсендісі Әміржан Қосановтың ойынша, бүгінде құқық үстемдігінен бұрын заңның үстемдігі басым болып тұр.

Тағы оқыңыз: Митинг кезінде 300-ден аса полицей зардап шекті – министр 

«Президенттің өзі митингілер туралы заңнаманы өзгерту туралы айтты. Енді, ол заңнаманы қай деңгейге дейін өзгерте алады? Қай деңгейге дейін еркіндік пен бостандық бере алады? Мәселе сонда. Қазақстан азаматтары митингілерді қаланың ортасындағы алаңда өткізе ме? Жоқ, әлде, баяғы әдетпен қаланың шетінде жүре ме? Бізде құқық үстемдігі және заң үстемдігі бар. Өкінішке қарай, заң үстемдігі салтанат құрып тұр да, құқықтық үстемдік жоқ», — дейді Қосанов.

Тоқаев қандай тапсырма берді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы жолдауында бейбіт шерулерді өткізуге қатысты тапсырма берген болатын.

«Егер бейбіт акциялар азаматтардың тыныштығы мен заңды бұзбаса, ондай шараларды өткізуге рұқат беру керек. Ол үшін арнайы орындарды қаланың шетінде ғана бөлмеу керек. Алайда заңсыз әрекеттер мен бұзақылыққа тыйым салынады», — деді Тоқаев.

Жақында парламент мәжілісінде өткен жиында әділет вице-министрі Наталья Пан митингілер туралы заң жобасын әзірлеу туралы нақты тапсырманың түскенін айтты. Қазіргі кезде осы құжатты қай мемлекеттік орган әзірлейтіні талқыланып жатыр.

Оның ойынша, осы мәселеге ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауапты болуы тиіс. Заң жобасы 2019 жылдың желтоқсан айына дейін әзірленеді. Ал барлық өзгерістер мен толықтырулар парламентте таныстырылады.



sputniknews.kz