Димаштың Мәскеудегі концертін қашан және қай телеарнадан көруге болады?

0

Танымал қазақстандық орындаушының концертін екі телеарна көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Димаш Құдайбергеннің Кремльде берген D-Dynasty концерті бүгін кешкі 21:00-де «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі.

Сондай-ақ, ән кешін ресейлік НТВ арнасынан Мәскеу уақытымен сағат 23:00-де немесе Нұр-Сұлтан уақытымен 13 мамыр сағат 02:00-де тамашалауға болады.

Концерт 2 сағат 20 минутқа созылады.

Димаштың Кремльдегі концертіне келген мәскеуліктер: мәдени «шок» алдық — фото

Айта кетсек, Димаштың Кремльдегі жеке ән кешіне Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ресей премьер-министрінің әйелі Светлана Медведева, саясаттанушы Ерлан Қарин, әнші Ерке Есмахан, сондай-ақ, ресейлік жұлдыз Анита Цой барған еді.

Телекөрермендерді не күтіп тұр?

Шамамен 3 сағатқа созылған концерт аншлагпен өтті. Әртістің өнерін тамашалауға әлемнің 50 елінен тыңдармандары келді.

Димаш қазақ тілінде ән шырқаған сайын залдағы көрермендер Қазақстанның туын көтеріп, желбіретіп отырды.

Әсіресе, Димаштың домбыра тартқаны фанаттарының есінде ерекше қалды. Қазақстандық әнші Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін орындады.

«Мама» композициясынан кейін әнші сахнаға отбасын шақырып, залда отырған көрермендерге жақындарын таныстырды.

Сондай-ақ, Димаш ресейлік композитор Игорь Крутоймен бірге «Любовь уставших лебедей» әнін орындап, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.

«Арнау» концерті

29 маусым күні Нұр-Сұлтанда Димаш Құдайберген «Арнау» атты жеке концертін береді.

Әншінің фанаттары үшін тимбилдинг, сондай-ақ Димаштың концерт алдында тыңдармандарымен дәстүрлі кездесуі – PRE-PARTY «ARNAU» өтеді.

Бұған қоса, Димаш қазан айында Нью-Йорктегі Madison Square Garden-де өнер көрсетпек.



sputniknews.kz