«Демпартия» бастамашыл тобының жетекшісі Мамай үш тәулікке қамалды

0

Бүгін, 22 ақпанға қараған түні «Демократиялық партия» бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайдың «рұқсат етілмеген митингіге үндеді» деген айыппен үш тәулікке қамалғаны хабарланды. Бұл туралы Азаттыққа Мамайдың әйелі, журналист Инга Иманбай айтты.

— Таңғы сағат 5.00-ге дейін Жанболаттың қайда екенін, не болып жатқанын біле алмадық. Тек таңғы бесте ғана Қарасай аудандық полиция басқармасында Жанболатты 488-баптың 3-тармағымен, яғни митингіге шақырды деген айыппен, үш тәулікке жауып тастағаны туралы сот қаулысын берді. Сот адвокаттың қатысуынсыз өткен. Адвокат сол маңда 11.00-де болды. Ал сот 11.45-те өткен. Адвокат келіп тұрып, кіре алмай қалды. Жанболаттың қорғалу құқығы бұзылды, — деді Иманбай.

Оның сөзінше, саясаткердің адвокаты Жанар Балғабаева Мамайдың қорғалу құқығының бұзылғаны және өзінің кәсіби адвокаттық қызметіне кедергі келтіру бойынша шағым түсірмек.

21 ақпан кешкісін белсенді, саясаткер Жанболат Мамайдың ұсталғаны хабарланды. 21 ақпаннан 22 ақпанға қараған түні Алматы облысы Қаскелең қаласы Қарасай ауданы полиция басқармасына бір топ адам жиналып, «Демократиялық партия» құруды жоспарлайтын бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамайды қамаудан босатуды талап еткен. Полиция сыртындағы жиырмадан астам адам «Бостандық» деп айғайлап, Мамайды шығармаса аштық жариялайтындарын айтқан.

Мамайдан бұрын сол күні, 21 ақпан түс кезінде бастамашыл топтың өкілі Жанбол Рахматулланы Қарасай аудандық полиция басқармасына әкеткен.

31 жастағы Жанболат Мамай «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы болған. Кейін бұл газет жабылған. 2017 жылы Мамайдың үстінен «қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыруға қатысты» деп іс қозғалды. Сот оны осы іс бойынша айыпты деп танып, үш жылға шартты жазаға кескен, үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Ол қазір пробациялық бақылауда жүрген.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыптың «саяси астары бар» деп мойындамаған.

Былтыр қазанда Жанболат Мамай бастаған белсенділер елде саяси реформаны қалайтын «Демократиялық партия» құратындарын жарияланған. 2019 жылы 26 желтоқсанда әділет министрлігі бастамашыл топты тіркеген. Кейін Мамай 22 ақпанда Алматыда «Демпартияның» құрылтайын өткізетінін хабарлаған.​

19 ақпанда бастамашыл топ Алматыдағы баспасөз мәслихатын өткізіп, «Демпартия» жақтастарына қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Жанболат Мамай Алматыда 22 ақпанға жоспарланған құрылтай съезіне келмек болған ондаған адам кедергі салдарынан жолға шыға алмай қалғанын, кейбірін әкімшілік жазамен қамауға алынғанын айтқан. Ол «қысымнан кейін» 22 ақпанға жоспарланған құрылтай өтпейтінін, оның орнына «митингіге шығатындарын» жеткізген.

Видео: «Демпартия» құрылтай орнына «митингіге» шықпақ. 19 ақпан 2020 жыл.

Қазақстанда партия тіркеу үшін алдымен мың адам қатысқан құрылтай съезд өткізу тиіс. Одан кейін қырық мың адамның қолын жинауы керек.

22 ақпанда Қазақстанда билікке қарсы екі митинг жоспарланған. Біріне бұрынғы банкир, шетте тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы шақырған. ҚДТ Қазақстан сотымен «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған. 2019 жылы Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.

Жоспарланған митинг алдында Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсенді ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың көбі қаңтардың соңы және ақпанның басындағы митингілер үшін жауапқа тартылды. Белсенділердің басым бөлігіне «бейбіт митинг өткізу заңын бұзды» деген айып тағылған.

Сенбіде жоспарланған наразылық шарасы алдында Қазақстан бас прокуратурасы мәлімдеме жасап, «рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жазаланатынын» ескертті.

Қазақстанда жұрт митингіге шығу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер түрлі себеппен митингіге рұқсат ете бермейді. Елде рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталады.

Azattyq