Дәрігердің өзі аң-таң: Talgo жолсеріктері жүріп бара жатқан пойызда әйелді босандырды — Қазақстан жаңалықтары

0

Темір жол саласында 20 жылдық тәжірибесі бар нұсқаушы Эльмира Егембердиева осыдан алты жыл бұрын болған оқиғаны баяндап берді. Теміржолшы жүкті әйелді аман-есен босандырып алған күнінің әлі күнге дейін есте екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

жолсеріктер

Сурет: Қарлыға Бүйенбай

«Пойызда жүріп түрлі қызық оқиғаға тап болатын кезіміз болады. 2013 жылы пойыз бастығы болып жүргенімде жас келіншек босанып қалды. Дәлірек, оны өзіміз босандырып алдық. Осыдан кейін жолаушы дәрігер келіп «Барлығын дұрыс жасапсыздар» деп аң-таң болды. «Қайдан білесіздер?» деп сұраған кезде пойыз бастығы курсында оқып жүрген кезде осының барлығын үйреткенін айттым. Жалпы қандай жағдайда қалай көмектесу керектігін бәріміз жақсы білеміз. Ең бастысы, сасқалақтап қалмау», — дейді Эльмира Егембердиева. 

Әрі қарай ол пойызжы жұлдыз қауымының да жиі пайдаланатынына тоқталды. Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев және Мақпал Жүнісова сынды әншілердің арнайы ән айтып берген кездері болған. Мұнымен қатар, Эльмира Егембердиева ұзақ уақыт басшылық қызметте жүрсе де, бұл мінезін үйге алып бармайтынын айтады. Өзге қыз-келіншектерге де отбасы берекелі болуы үшін осылай жасауға кеңес берді. 

«Жұмысыңды адал атқарып болған соң, үйге келген соң дәл солай адал жар, адал әйел бола біл. Бастық болатын жер мен отбасының ұйытқысы болатын жерді шатастырып алмау қажет. Жанұяда ең бірінші кезекте әйел, ана, әже екеніңді ұмытпау керек. Алматы телімінде жұмыс істеп жүріп танысып, кейін отбасын құрған жандар көп. Мысалы, жуырда Тұрсын мен Дана шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болды», — дейді ол. 

тальго

Сондай-ақ, әдеттегі пойыз бен «тальго» пойызының өзіндік артықшылықтары бар екеніне тоқталды. Десе де, өзі үшін тиітей болса да, «тальгоның» артық екенін жасырмады. 

«Кейде жолаушылар «Тальго» — тар пойыз, одан да жәй пойызымыз жақсы» деп айтады. Біз өз кезегімізде «Жарайды, жәй пойыз – кең, жақсы, оны бағалаңыздар. Бірақ мына пойыз зу етіп, уақытыңызды үнемдейді. Сол себепті бұл пойыздың да жақсы жері бар» деп айтамыз», — теміржолшы. 

Эльмира Егембердиева бүгінде көптеген жас жолсерік үшін мінсіз болып көрінсе де, бастапқы өздері өзінің де қателескен кезінің болғанын жасырмайды. 2000 жылдың 13 желтоқсанында істеп тұрған және істемейтін тамбурды шатастырып алған екен. Сол сәтте пойыз бастығының «Тамбурды шатастырып жүрсең, мына түріңмен теміржолшы болмайсың» деп ұрысқаны әлі күнге дейін есінде екен. Десе де, өзі бүгінде жолсеріктердің бір үйдің еркесі екенін түсініп, дауыс көтермеуге тырысатынын айтады. 

«Бір рет сын айтсақ, қосы бес мақтан сөз айтамыз. Менен бұрын керісінше жолсеріктерімнен үйренгенім көп деп айтар едім. Мысалы, бізде мұғалім, дәрігер болып жұмыс істеп келген жандар бар. Солардың ақылы мен сабырына қайран қалатын кездерім болады. Осы орайда әріптестерімді бүгінгі төл мерекесімен құттықтаймын. Сіздерге ең бірінші денсаулық тілеймін. Өйткені біздің салада зор денсаулық болмаса, жұмыс істеу қиын. Жұмыстарыңыз алға басып, аспанымыз ашық болсын. Отбасымыз аман болып, теміржол саласы өркендей берсін», — деді нұсқаушы маман.  

Сөз соңында ол әрбір қызметкеріне өз ісінде табандылық пен төзімділік тіледі. Жалақы қосылып жатса, нұр үстіне нұр болатынын да әзілдеп күлді. 

Естеріңізге сала кетсек, полиция қызметкерлерінің жүкті әйелді босандырып алғаны туралы хабарлаған едік. 

stan.kz