Даниал Ахметов өз жалақысы туралы айтты

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Әкім «стандартты айлық» алатынын, бірақ еңбек өтіліне байланысты басқаларға қарағанда жалақының көбірек түсетінін жеткізді

НҰР-СҰЛТАН, 22 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өз жалақысының көлемін ашық айтпады. Бірақ алдағы уақытта интернетте жариялауға уәде берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тағы оқыңыз: Бас мүфти түрмеде жұмыс істейтін имамдарға тұрақты жалақы тағайындауды ұсынды

Бүгін астанада өткен баспасөз мәслихатында облыс басшысына еңбекақыға қатысты сұрақ қойылды. «Бүгінде министрлер мен әкімдер өз жалақысын жариялап жатыр. Сіз де олар сияқты өз еңбекақыңыздың көлемін жариялай аласыз ба?», – деп сұрады журналистер.

Әкім «стандартты айлық» алатынын, бірақ еңбек өтіліне байланысты басқаларға қарағанда жалақының көбірек түсетінін жеткізді.   

«Керек болса, еңбекақымды жариялаймын. Мен «стандартты айлық» аламын. Ресми сайтым және әлеуметтік парақшаларым бар. Жақын арада сонда бәрін жариялаймын. Басқа шығындарды да көрсетеміз. Бұл жерде құпия жоқ. Барлық шенеуніктер стандартты жалақы мен стандартты сыйақы алады. Сосын көп нәрсе еңбек өтіліне байланысты. Менің әжептәуір еңбек өтілім бар», – деді Ахметов.

Айта кетейік, бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің айлығы жайында айтқан болатын. Ол Батыс Қазақстан облысының әкімі боп тұрғанда ай сайын 762 000 теңге алғанын жеткізді. Қазіргі еңбекақысы да сондай. Бірақ еңбек өтіліне қарай оның көлемі сәл өзгереді.

2020 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әкімдер, министрлер мен депутаттар табыс туралы декларацияны ашық ақпарат көздерінде жариялауға міндетті болады.



sputniknews.kz

Загрузка...