Цюрих пен Нұр-Сұлтан арасында тікелей рейс ашылуы мүмкін

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Бұл екі ел адамдарының жақынырақ танысуына септігін тигізер еді, дейді Швейцария президенті Ули Маурер

НҰР-СҰЛТАН, 22 қараша – Sputnik. Швейцария президенті Ули Маурер Нұр-Сұлтан мен Цюрих арасында тікелей әуе қатынасын ашу керек деп санайды. Бұл туралы ол Ақордада бірлескен мәлімдеме барысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бізге Цюрих пен Нұр-Сұлтан арасында тікелей әуе қатынасы керек. Бұл екі ел адамдарының жақынырақ танысуына септігін тигізер еді. Біздің ынтымақтастық аясында көздегеніміз де осы», – деді Маурер.

Швейцария басшысы қос мемлекет арасында тауар, қызмет, білім ғана емес, мәдени алмасу да болу керек деп санайды.

«Егер біз бір-бірімізді жақыннан танып, ойымызды, тұрмыс-салтымызды жақсы түсінсек, бұл экономикалық байланыстарға да оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Біз ашық, транспарентті мемлекетпіз. Қазақстанмен мәдени алмасуды қолдаймыз», – деді ол.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның тоғыз қаласында «ашық аспан» режимі енгізіледі

Маурер Қазақстанда жұмыс істеп жүрген швейцариялық компаниялар бұл елде өздерін жайлы сезінетініне сенімді екенін айтты.

Айта кетсек, Швейцария президенті Ули Маурер Қазақстанға ресми сапармен келді. Шетел басшысын елімізге президент Қасым-Жомарт Тоқаев шақырған болатын. Швейцариялық делегация құрамына инвесторлар мен бизнесмендер де кірді.



sputniknews.kz

Загрузка...