«Бірнеше жыл бойы»: Петропавлдық ару бала кезінде туыс ағасынан көрген қорлығын жайып салды — новости Казахстана

0

Петропавл тұрғыны бала кезінде көрген зорлығы туралы бар шындығын айтып берді. Бойжеткеннің сөзіне сүйенсек, туыс ағасы онымен күштеп интимдік қатынасқа түскен деп хабарлайды «NewTimes.kz» агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Көрнекі фото: SakhaPress.ru

Көрнекі фото: SakhaPress.ru

Үнемі жадырап жүретін ару жеті-сегіз жасар шағында басынан өткен оқиғасын қазір қорқынышты түстей есіне алады.

«Немере ағам екеуміз көбінесе үйде оңаша қалатынбыз. Ата-анам оның маған не істеп жүргені туралы мүлдем ойланған емес. Бірнеше жыл бойы көріп келген қорлығымды басқаларға айтуға қорықтым. Себебі маған ешкім сенбейді деп ойладым.

Бірнеше рет өзіме қол жұмсау туралы да ойладым. Бірақ сол қорқынышты сәттер есіме түскен кезде менен де жаман күн кешіп жүргендер бар ғой деп, өзімді жұбататынмын «, — дейді ол.

Бойжеткеннің ата-анасы әлі күнге дейін қыздарының басынан өткен оқиғасынан бейхабар екен.

«Ата-анамды өте жақсы көргендіктен оларға айта алмаймын. Олар білсе сағы сынады.

Жаман уақыттың барлығы артта қалды дегенмен де, қорқыныш сезімі бойымнан еш кетпейді.

Айналамның барлығынан үрейленіп тұрамын. Әсіресе ер адаммен жеке қалуға қатты қорқамын. Тіпті атамның өзінен күдіктеніп, бірге қалмайтын кездерім болды. Осы ойларым үшін кейде ұяламын да.

Қазір өз фобияммен күресуге барынша тырысып жатырмын. Жақында психологтың көмегіне жүгінсем деймін», — деп ақтарылды ару.

«Осы күнге дейін жасырып келген құпияны неліктен бөлісейін деп шештіңіз?» деген сұраққа ол өзімен тағдырлас жандарға қолдау білдіргісі келгенін айтты.

«Қазір мұндай жағдайлар туралы көп айтылып жүр. Ең жаманы — көпшілік жәбірленушінің өзін айыптап, зорлық көрсеткендерді жақтап жатады.

Әрине, әркімнің оқиғасы әр түрлі. Бірақ қалайша сорақы әрекетке барғандарды қорғауға болады?

Осындай жағдайдың құрбаны болған қыздарға айтарым, ешнәрседен қорықпаңыздар. Ата-анаңыз сізге сенеді, түсінеді. Бастысы өз-өзіңізді тастап жібермеңіз», — деп сөзін түйіндеді ол.