Бір топ адам полициядан «Демпартия» жетекшісі Мамайды босатуды талап етеді

0

21 ақпаннан 22 ақпанға қараған түні Алматы облысы Қаскелең қаласы Қарасай ауданы полиция басқармасына бір топ адам жиналып, «Демократиялық партия» құруды жоспарлайтын бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамайды қамаудан босатуды талап етіп тұр. Басқармасы сыртындағы жиырмадан астам адам «Бостандық» деп айғайлап, Мамайды шығармаса аштық жариялайтындарын айтады. Бұл туралы Азаттық тілшілері хабарлады.

Алматы уақытымен түнгі үштен асса да полиция басқармасына келгендер әлі тарамай тұр.

21 ақпан кешкісін белсенді, саясаткер Жанболат Мамайдың ұсталғаны белгілі болған. Бұл туралы Мамайдың әйелі Инга Иманбай Facebook желісінде айтқан. Осыдан кейін «Демпартияның» қолдаушылары мен жақтастары, қорғаушысы Жанар Балғабаева Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық полиция басқармасына келді.

Қарасай аудандық полиция басқармасының сыртында тұрған адвокат Жанар Балғабаева «Осы жерде екі сағаттай тұрмын. Қорғауымдағы Мамайды қай баппен, қандай айыппен ұстап отырғанын білмейміз. Жауапты адамдарың бірі шығып, түсіндіреді деген еді, бірақ жауап жоқ. Адвокат жұмысына кедергі келтіріліп жатқаны жайлы шағым жазған едім. Оны да тіркей алмай тұрмын. Ешкім түсіндірмейді. Адвокаттық қызметіме кедергі келтіргендері үшін арызданамын» деді.

Инга Иманбайдың сөзінше, полиция Жанболат Мамайды бастамашыл топтың өкілі Жанбол Рахматулланың Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық әкімшілік сотына келген кезде ұстап, Қарасай аудандық полиция басқармасына әкеткен. Рахматулланың ұсталғаны бүгін, 21 ақпан түс кезінде хабарлаған.

Қарасай аудандық полиция басқармасы Мамайдың ұсталғанына қатысты ақпарат берген жоқ.

31 жастағы Жанболат Мамай «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы болған. Кейін бұл газет жабылған. 2017 жылы Мамайдың үстінен «қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыруға қатысты» деп іс қозғалды. Сот оны осы іс бойынша айыпты деп танып, үш жылға шартты жазаға кескен, үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Ол қазір пробациялық бақылауда жүрген.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыптың «саяси астары бар» деп мойындамаған.

Былтыр қазанда Жанболат Мамай бастаған белсенділер елде саяси реформаны қалайтын «Демократиялық партия» құратындарын жарияланған. 2019 жылы 26 желтоқсанда әділет министрлігі бастамашыл топты тіркеген. Кейін Мамай 22 ақпанда Алматыда «Демпартияның» құрылтайын өткізетінін хабарлаған.​

19 ақпанда бастамашыл топ Алматыдағы баспасөз мәслихатын өткізіп, «Демпартия» жақтастарына қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Жанболат Мамай Алматыда 22 ақпанға жоспарланған құрылтай съезіне келмек болған ондаған адам кедергі салдарынан жолға шыға алмай қалғанын, кейбірін әкімшілік жазамен қамауға алынғанын айтқан. Ол «қысымнан кейін» 22 ақпанға жоспарланған құрылтай өтпейтінін, оның орнына «митингіге шығатындарын» жеткізген.

Қазақстанда партия тіркеу үшін алдымен мың адам қатысқан құрылтай съезд өткізу тиіс. Одан кейін қырық мың адамның қолын жинауы керек.

22 ақпанда Қазақстанда билікке қарсы екі митинг жоспарланған. Біріне бұрынғы банкир, шетте тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы шақырған. ҚДТ Қазақстан сотымен «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған. 2019 жылы Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.

Жоспарланған митинг алдында Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсенді ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың көбі қаңтардың соңы және ақпанның басындағы митингілер үшін жауапқа тартылды. Белсенділердің басым бөлігіне «бейбіт митинг өткізу заңын бұзды» деген айып тағылған.

Сенбіде жоспарланған наразылық шарасы алдында Қазақстан бас прокуратурасы мәлімдеме жасап, «рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жазаланатынын» ескертті.

Қазақстанда жұрт митингіге шығу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер түрлі себеппен митингіге рұқсат ете бермейді. Елде рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталады.

Azattyq