Бекзат Саттарханов туралы фильм қалай түсірілді?

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Мәдениет

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Биыл Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы «Бекзат» көркем фильмі түсірілген болатын

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Бекзат Саттархановтың рөлін сомдаған актер Самат Әзімқұлов түсірілім барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін  «Хабар» телеарнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Жастайымнан спортпен шұғылдандым»

Жас актер 2-сыныптан 11-сыныпқа дейін кикбоксинг үйірмесіне барғанын айтады. Оның боксқа келуіне Бекзат Саттархановтың Олимпиададағы жеңісі әсер еткен.

«2000 жылы 1 қазанда Бекзат ағамыз ресми түрде Олимпиада чемпионы атанды. Бұл күн әлі есімде. Себебі, әкем екеуміз оның жекпе-жегін бірге көрдік. Бекзат ағамыздың тұғырға көтерілгені, медальды алып жатқаны, әнұранның шырқалғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Осы сәтте менің спортқа деген құлшынысым пайда болды. Шымкент қаласындағы Шығыс шағын ауданында тұрдық. Әкем спорт кешеніне әкеліп, кикбокс үйірмесіне берді», – дейді ол.

Самат Әзімқұлов 2009 жылы жастар арасында ҚР спорт шебері атағын да алыпты. Алайда сол жылы көзіне қатты соққы тиіп, дәрігерлер спортпен шұғылдануға тыйым салған.

«Бекзат» көркем фильмі қалай түсірілді?

Бүгінде жас әртіс «Астана мюзикл» театрында жұмыс істейді. Оны Бекзат Саттархановтың рөлін сомдауға фильмнің режиссері Мұрат Бидосов шақырыпты.

«Мұрат Бидосов театрға келіп, маған «Кешке кездесейік. Ақылдасатын шаруа бар» деді. Бірақ мен әңгіме Бекзат Саттарханов туралы болады деп ойлаған жоқпын. Кездесу барысында Саттарханов туралы көркем фильм түсірілгелі жатқанын, Бекзаттың рөлін сомдайтын актер қажет екенін сонда білдім», – дейді Самат Әзімқұлов

Ол «Бекзат» көркем фильмінің ең алғашқы түсірілімі Алматыда өтіп, Тараз қаласында жалғасқанын жеткізді. Кейін бір аптадай үзіліс болыпты.  Актердің айтуынша, түсірілім тобы бір аптадан соң, Түркістанға барып, марқұм Бекзат Саттархановтың ата-анасының батасын алыпты. Олар «көркем фильм халықтың көңілінен шықса екен» деген тілегін білдірген.

Түсірілім барысындағы қиындықтар

Самат Әзімқұлов фильмді түсіру барысында сценарийден ауытқыған сәттер болғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, Бекзат Саттархановтың ширек финалда грузиялық тәжірибелі боксшы Рамаз Палианимен жұдырықтасқан сәтін түсіру қиынға соққан. Сидней Олимпиадасында бұл боксшыны қазақстандық спортшы 1 ұпай айырмашылығымен, яғни 12:11 есебімен жеңген.

«Рамаз Палианимен болған жекпе-жекте шынымен төбелесу қажет болды. Бізге фильм шынайы шығу үшін төбелесіңдер деді. Барымызды салып, төбелестік. Қарсыласым екеуміз де қатты соққылар алып жатырмыз. Соңында ештеңеге қарамай төбелесіп кеттік. Бәрі аң-таң. «Ей, қойсаңдаршы» дейді. Сонда да төбелесіп жатырмыз. Сондай қызықтар болды», – дейді актер.

«Есімді жия алмай қалдым»

Сондай-ақ ол «Бекзат» көркем фильмі барысында қатты соққы алып, есін жия алмай қалған сәтті есіне алды. Түсірілім Түркістан қаласында болған.

«Ең қиыны Түркістан қаласында болды. Яғни, Бекзат ағамызбен бір жігіттің арасындағы төбелесті түсірдік. Бұл көшеде болатын. Бірінші, екінші дубльді түсірдік. Алайда дубль мұнан да жақсы шығады деген үмітпен үшінші рет түсіретін болдық. Мұнда мен жігітпен сөйлесіп тұрамын. Ол мені кенеттен ұрады. Оның соққысын өткізіп жіберіп, оны ұруым керек», – дейді Самат Әзімқұлов болған жағдайды есіне алып.

Актер үшінші дубльде басынан жарақат алып, беті ісіп кеткенін жеткізді. Бұл жағдайды әлі ұмытпапты.

«Мен жақын тұрып қалдым ба немесе қарсыласым дұрыс ұрмады ма, білмеймін. Мұны бокстың тілімен айтқанда «уклон» дейді.  Оны жасаған кезде қарсыласымның жұдырығы маған тиді. Масқара… 3-4 секундтай есімді жия алмай қалдым. «Қайда отырмын? Съемкада жүрмін ғой» деген ой келді. Бетім ісіп кетті. Түсірілім алаңына дәрігерлер келді.  Олар миым қатты шайқалмағанын, бірақ басыма ауыр соққы тигенін айтты. Жағыма зақым келіпті. Ертеңінде басымдағы ісік сәл кетті. Алайда фильмнің 40-30 пайызында бетім ісіп жүрді», – деп түйіндеді сөзін Әзімқұлов.

Айта кетейік, 2019 жылдың 3 қазанында Алматы қаласында «Есентай-Молл» сауда және ойын-сауық орталығындағы «Кинопарк» кинотеатрында «Бекзат» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтеді. Жабық көрсетілім Нұр-Сұлтан қаласында осы жылдың 3 шілдесінде көрсетілген.



sputniknews.kz

Загрузка...