«Бәрібір сотталасыңдар». WhatsApp чаттағы әңгіме түрме жазасына себеп болды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

ҮКІМ МЕН ОҒАН РЕАКЦИЯ

Арнайы жасақ өкілдерінің ұстауы, тоғыз жарым ай тергеу изоляторында отыру, жертөледегі тар бөлмедегі сот процестері, судья мен прокурорға сенімсіздік білдіру… «Терроризмді насихаттады» және «араздық қоздырды» деп айыпталған сегіз адамның соты тамыздың 5-і күні аяқталып, олар түрме жазасын алды.

«Терроризмді насихаттады» және «араздық қоздырды» деп айыпталғандар –40 жастағы Болатбек Нұрғалиев – сегіз жылға, 39 жастағы Ернар Саматов – жеті жарым жылға, 36 жастағы Бекет Мыңбасов жеті жылға сотталды.

Ал 27 жастағы Азамат Үмбетәлиев, 34 жастағы Жасұлан Искаков, 32 жастағы Самат Әділов, 31 жастағы Назым Абдрахманов, 36 жастағы Есім Сүлейменов «араздық қоздырды» деп айыпталып, бес жарым жылға түрмеге қамалды. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

Айыпталушылар сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 5 тамыз 2019 жыл.

Айыпталушылар сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 5 тамыз 2019 жыл.

Судья үкімді оқыған сәтте айыпталушылар мен олардың жақындары «Сот масқара!» деп қарсылық білдірді. Кейін сотталушылардың туыстары сот сыртында «Кінәсіздер түрмеде отырмауы тиіс», «Бізге әділ сот керек», «Неге заң бәріне тең емес?» деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Олар «Билік масқара!» деп те айғайлады. Сотталушылардың жақындары сот алдында жарты сағат тұрып, кейін тарап кетті.

ҚЫСЫМҒА ШАҒЫМ

Сот отырыстары кезінде айыпталушылар істі тергеген ҰҚК тергеу комитетінің тергеушілері қысым жасағанын айтты. «Салафизмді насихаттау үшін WhatsApp чатын құрды және басқаларды тартты» деп айыпталған Болатбек Нұрғалиевтің айтуынша, ол тергеушілермен «егер басқалардың жазасын жеңілдетсе, барлық кінәні өз мойнына алуға келіскен». Ол сотта ҰҚК тергеушілерінің алдағанын айтты. Тағы бір айыпталушы Азамат Үмбетәлиев те тергеу кезінде қысым болғанын мәлімдеді.

– Арнайы қызмет өкілдері бізге «бәрібір сотталасыңдар» деді. Басында осылай деді. Мен кінәсізбіз. Өзімді айыптымын деп есептемеймін, – деді Үмбетәлиев соттағы соңғы сөзінде.

Болатбек Нұрғалиев сот отырысында. Алматы, 4 маусым 2019 жыл.

Болатбек Нұрғалиев сот отырысында. Алматы, 4 маусым 2019 жыл.

Прокурор Мақсат Дәуірбаев сотта айыпталушылардың тергеудегі қысым жайлы айтқанын «жауапкершіліктен қашу амалы» деді. Тергеу мен прокурордың сөзінше, айыпталушылар «өз істерінің заңсыз екенін біле тұра белсенді түрде діни тақырыптарды талқылап, радикал пікірлер айтып, терроризмді насихаттаған және діни алауыздықты қоздырған».

Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары сот отырыстары кезінде прокурор мен судья Қайрат Иманқұловтың негізгі куәгерлерді шақырмағанына қарсы болған.

Адвокаттар сотта «прокурор тергеудің «жыртығын жамауға» тырысты және ҰҚК тергеушісі Рахат Рустемовті іс материалдарынан шығаруға талпынды» деді. Рустемов сот отырыстарының біріне келіп, мессенджердегі жазбаларды саяси экспертизаға не үшін жібергеніне нақты жауап бере алмаған. Сараптама «айыпталушылар азаматтарға қауіп төндіретін қылмыс жасады» деген қорытындыға келген. Ал сотқа қорғаушылар шақырған сарапшы Рахиля Қарымсақова чаттағы жазбаларда «ұлттық және діни алауыздықты қоздыру, терроризмді насихаттау белгілері жоғын» айтқан. Ал тәуелсіз теолог-сарапшы Рашид Мухитдинов айыпталушылардың бірінің жазбасынан радикал идеялар таппағанын мәлімдеген.

Сотта қорғаушылар судья мен прокурорға бірнеше рет сенімсіздік білдіргенімен, олардың шағымы қанағаттандырылмады.

ТӨРТ АЙҒА СОЗЫЛҒАН СОТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ НАЗАРЫ

Бұл іс бойынша сот процесі наурыз айында басталған. Сот басында айыпталушы тоғыз болған. Бірақ үкім оқылғанда 40 жастағы Жұлдызбек Тәуірбековтің есімі аталмады. Тәуірбековтің денсаулығына байланысты оның ісі бөлек қаралады. Соңғы жарты айда Тәуірбеков үш рет тергеу изоляторынан Алматыдағы кардиологиялық орталықтың жансақтау бөліміне жеткізілген. Оның анасы және қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашеваның ұлын тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыру туралы шағымын сот қанағаттандырмаған.

65 жастағы Әсемгүл Жауғашева ұлы Жұлдызбек Тәуірбеков жатқан Алматыдағы кардиологиялық орталықтың сыртында тұр. 29 маусым 2019 жыл.

65 жастағы Әсемгүл Жауғашева ұлы Жұлдызбек Тәуірбеков жатқан Алматыдағы кардиологиялық орталықтың сыртында тұр. 29 маусым 2019 жыл.

Қазақстанның әр аймағында тұратын тоғыз адамның соты Forum 18 халықаралық құқық қорғау ұйымының да назарына ілінді. Ұйым шілденің 31-і күні сайтында «бұл іс Қазақстанда ҰҚК мен полицияның адамдардың интернеттегі жеке жазбаларын бақылап отыратынын көрсетеді» деп мәлімдеді.

– Қазақстанда адамдар діни наным-сенімі үшін, интернеттегі басқа адамға қауіп төндірмейтін діни жазбалары үшін түрмеге қамалады немесе айыппұл төлейді, – деп жазылған ұйым мәлімдемесінде.

Forum 18 ұйымы елдің қаржы министрлігі қаржылық мониторинг комитеті діни іс бойынша сотталғандарды «терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар» деп арнайы тізімге (қазір бұл тізімде мыңнан астам адам бар) қосатынын атап өткен. «Бұл тізімге енгендер және олардың отбасы банк және нотариус қызметтерінен қағылады» деп мәлімдеді Forum 18 ұйымы.

Жарыссөз кезінде айыпталушылар балаларының жағдайын айтты. Мәселен сотталушы Бекет Мыңбасовтың жақындары жоқ, оның әйелі – жетім. Ол қазір төрт баласымен Алматыда тұрып жатыр.

Azattyq

Загрузка...