Бақыт Сұлтанов әкім болған 9 айдың ішінде не істеп үлгерді

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Сұлтанов баспана беру жүйесін өзгертіп, проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау бойынша жол картасын әзірледі

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik, Арман Асқар. Бақыт Сұлтанов елорданың әкімі болып тура 9 ай жұмыс істеді. Бұл – антирекорд. Оған дейін бірде-бірде әкім осыншама аз уақыт отырмаған. Дегенмен, оның тұсында көпбалалы аналардың баспана мәселесі шешіле бастады. Әрине, оған Көктал-1 кентіндегі трагедия да әсер етпей қоймады. Sputnik Қазақстан тілшісі Сұлтановтың 9 айда атқарған жұмысын сараптап шықты.

Сұлтановтың жұмысы қалай басталды?

Бақыт Сұлтановтың әкім қызметіндегі жұмысы қарқынды басталған еді. Күз уақыты болғаннан кейін қысқа дайындық шаралары жүріп жатты. Жәрмеңке өткізу уақыты да келді. Журналистерге берген бір сұхбатында экс-әкім жаңа жұмысының артықшылығын айтып берді.

 


©
Sputnik / Ксения Воронина

Бақыт Сұлтанов елорда тұрғындарын қабылдады

«Әкім жұмысының басты артықшылығы таза ауада жиі жүресің. Себебі барлық нысанды аралап, жұмысты өз көзіңмен көруің керек. Ал күндіз үкіметке және басқа да отырыстарға келгенде таксиге мінемін. Өйткені әкімдіктің бұрынғы прогрессивті идеяларын тоқтатуға болмайды», – деді Сұлтанов.

 

Осылайша, таксимен шапқылап жүргенде қыс та түсті. Экс-әкім сол екі арада көмір сататын орындарды аралады. Содан қар, боран, аяз, көше тазалау, көлік кептелісі сияқты мәселелер басталды. Бәрі ойдағыдай болып жатқанда Көктал-1 кентінен суық хабар келді. «Времянкадан» шыққан өртте бес бірдей бүлдіршін қаза болды. Ең кішісі 9 айлық еді.

Көпбалалы отбасылар мәселесі ушықты

Көкталдағы трагедиядан кейін Қазақстанда көпбалалы отбасылар мәселесі жиі көтеріле бастады. Мемлекет деңгейінде атаулы әлеуметтік көмекті арттыру, арендалық және арзан несиемен баспана беру шаралары қолға алынды. Әрине, бұның барлығын алдымен заңды түрде бекіту керек. Бақыт Сұлтанов осыны жеткіземін деп, көпбалалы аналармен талай рет кездесті. Үкіметтің алдында өткен шағын митинг кезінде аналармен бір келісімге келіп, автобуспен әкімдікке де баруға тура келді. Сол жерде тағы бір кездесу өтті.


©
Foto : сайт акимата Астаны

Бақыт Сұлтанов, Бердібек Сапарбаев және Күләш Шәмшидинова көп балалы аналармен кездесті

Содан ертесінде елорда әкімдігі «Берекелі баспана» бағдарламсын қолға алатынын мәлімдеді. Соның аясында көпбалалы отбасыларға арендалық пәтер беріледі.

Баспана беру жүйесі қалай өзгерді?

Елорданың бұрынғы әкімі Әсет Исекешевтің кезінде әлеуметтік сала қызметкерлеріне 1 миллион теңгенің сертификаттарын беру бастамасы жарияланған болатын. Бірақ Исекешевтің өзі басқа қызметке ауысуына байланысты аталған шараны бастай алмады. Содан алғашқы сертификаттарды тапсыру Бақыт Сұлтановқа бұйырды. Экс-әкім 100 адамға 1 миллион теңгенің куәлігін тапсырды. Олардың ішінде дәрігерлер, мұғалімдер, құқыққорғаушылар сияқты бюджет қызметкерлері бар. Аталған ақшаны тек алғашқы жарна ретінде ғана пайдалануға болады.

Биыл елорда әкімдігі 2 миллиард теңгенің сертификатын беруді жоспарлады. Бұл дегеніміз, екі мың адам бір миллион теңгенің алғашқы жарнасын пайдалана алады. Дегенмен, көпбалалы отбасылар мәселесіне байланысты аталған жүйені біршама өзгертуге тура келді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Нұр-Сұлтанның құрылыс жоспары таныстырылды

«Берекелі баспана» бағдарламасы аясында осы жылдың аяғына дейін көпбалалы отбасыларға 928 арендалық пәтер беріледі. Маусымның басында әкімдік осы санаттағы 150 пәтердің таратылатынын мәлімдеді.

«Қазіргі кезде тұрғын үй қорының мамандары кезектің басында тұрған 150 отбасының телефондарын алып, олардың барлығын шақыртып жатыр. Құжаттарды қабылдау басталды. Мен 17 маусымға дейін құжаттарды қабылдау рәсімі аяқталады деп ойлаймын. Сосын оларға арнайы куәлік беріледі. Ол құжатпен 15 шілде мен 1 тамыз аралығында өз үйлеріне кіреді», – деді әкімнің орынбасары Ерлан Каналимов.

Ал келесі жылы 928 пәтердің үстіне тағы 400-ден астам арендалық баспана таратылады. Бірақ оны кезекте тұрған басқа азаматтардың арасында бөлу жоспарланып отыр. Осыған байланысты тұрғын үй сертификаттарының саны екі есе – 1 миллиард теңгеге қысқарып отыр. Демек, 1 миллион теңгені алғашқы жарна ретінде алатындар азаяды. Себебі біраз қаржыны арендалық баспанаға салуға тура келді.

LRТ желісінің құрылысы уақытша тоқтатылды

Үкіметтің бір отырысында Бақыт Сұлтанов LRТ желісінің құрылысы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Артынша әкімдіктің баспасөз қызметі осы мәселеге қатысты жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде LRT көлік жүйесі құрылысының алғашқы кезеңі аяқталды. Қазіргі кезде кезекті қаржылай траншты аудару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып отыр.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімге сәйкес, аталған жоба Қытайдың Мемлекеттік даму банкі есебінен қаржыландырылады. Бүгінде құрылыс жұмыстарының бір бөлігі аяқталды. Оған бөлінген қаржы да игерілді. Енді, қытайлық консорциум мен Қытайдың Мемлекеттік даму банкі арасында кезекті траншты бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты жобаны қаржыландыру уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, әкімдік үкіметпен бірлесе отырып, ішкі қаржы көздері есебінен жобаны ары қарай іске асыру жолдарын қарастыруда», – деді баспасөз қызметінің мамандары.

Үлескерлер мәселесі қалай шешіледі?

Экс-әкім үлескерлер мәселесін де жіті бақылауда ұстады. Өткен жылдың соңында проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау бойынша жол картасы әзірленген болатын. Бұрын 62 «сақалды» тұрғын-үй болса, жылдың аяғында олардың саны 28-ге дейін азайды. Ал Бақыт Сұлтанов бірыңғай қаржы-экономикалық модельді әзірлеуді ұсынды. Соның арқасында үлескерлер мәселесін төрт жылдың ішінде шешуге болады. Осы санаттағы нысандарды аяқтау кестесі де жасалды. Бүгінде «Аспан» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Жақында тағы үш нысан тапсырылады деген жоспар бар.


©
Foto : Пресс-служба акимата Нур-Султана

Бақыт Сұлтанов президент сайлауында дауыс берді

Айтпақшы, Бақыт Сұлтановтың тұсында Бүкіләлемдік сауда орталығы, алып мешіт пен шіркеудің тасы қаланды.
Жалпы, Бақыт Сұлтанов осы қызметте сан алуан шараларға қытысты. Португалияға дейін барып, Нұр-Сұлтанды қала мэрларының форумында таныстырды. Сондай-ақ, елорда атауының өзгеруіне куә болып, әкім ретінде Қазақстанның екінші президентін ұлықтау рәсімін тамашап үлгерді.

Тағы оқыңыз: Елорданың жаңа әкімі Алтай Көлгінов туралы не білеміз? 

Естеріңізге сала кетейік, кеше Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімге ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман деген баға берді. 



sputniknews.kz

Загрузка...