«Бала ауырса, ата-ана қарым-қатынасына мән бергені жөн»: Психоаналитик неге психологиялық ауытқуға шалдығатынымыз туралы – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Осыдан төрт жыл бұрын психоаналитик Анна Құдиярова өзінің әріптестерімен бірге Алматы қаласында алғаш рет психикалық ауытқуы бар жастарға арнап бірінші күндізгі орталық ашты. Бүгінде бұл орталық біреу емес, бірнешеу. Алғашқы үш айдың өзінде бұл азаматтардың қоғамның толыққанды бір мүшесі бола алатыны белгілі болған-ды. Бір ғана басты шарт – оларды аластатуды тоқтату. Осы орайда аталған жобаны іске асырушылар оның психикалық денсаулығында кінәраты бар адамдар үшін қаншалықты пайдалы екенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.  

адамдар

«Бірінші кезекте «психиатриялық емханада емделу» деген өмір бойына жағылған күйемен тең екенін айтқым келеді. Мұндай адамды ешкім жұмысқа алмайды, айналасындағылар одан қорқады. Осылайша ол өзін қоғамға керексіз сезінеді. Ірі медициналық-әлеуметтік ұйымдардың қызметкерлері бейсаналы түрде науқастарға өзінің кемшілігін еске салу үшін бәрін жасайды. Ал біз керісінше олардың рухын күшейтіп, өзін өзі қамти алуға үйретуге тырысып жүрміз. Осыдан кейін олар өзін қоғамға керек сезінетін болады», – дейді Анна Құдиярова. 

Әрі қарай психоаналитик маман мұндай адамдардың жетістігіне қарап қуанатынын бөлісті. Олардың барлығына да бірінші кезекте адамдармен қарым-қатынас жетіспейтінін айтады. Әсіресе, жоғарыда айтылған орталықтардағыдай. 

«Көптеген отбасы психикалық ауытқуы бар баласын сақтандырамын деп қарапайым жұмыстарды жасауға рұқсат бермейді. Мысалы, бірде анасы қызының салатты өзі бетімен әзірлегенін көріп, расымен де, қатты таңғалған еді. Үйде болған кездің өзінде салат жасап көрмеген екен. Себебі, оған тыйым салған. Сондай-ақ, тағы бір тәрбиеленушіміз Асылжанның біздің орталықта үш ай болғаннан кейін көпшілік алдында бұрынғыдай қысылмай сөйлей алатын дәрежеге жеткені есімде. Бірде біз ұйымдастырған баспасөз конференциясында сөз алып сөйледі. Ал мұның алдында бұлай сөйлемек түгілі, мұндай шаралардың маңына да жуымайтын еді», – дейді Анна Құдиярова. 

Психоаналитик мұндай ауытқушылардың түп-төркіні балалық шақта жатқанын айтады. Яғни баланың денсаулығында кінәраттың болуы отбасында болып жатқан ата-ана, туған-туыс арасындағы кикілжіңмен тікелей байланысты. Бала өз кезегінде барлық назарду өзіне аударып, мұндай келеңсіздіктерді тоқтатуға тырысады. Ал бұл өз кезегінде бейсаналы деңгейде жүзеге асады. 

адамдар

«Менің жауабым көп адам үшін жаңалық емес. Психоаналитиктерде «Балалар – ата-анасындағы аурудың белгілері» деген сөз бар. Баланың ауруы отбасында кикілжің болған кезде өршіп, асқына бастайды. Осылайша бала бейсаналы түрде осындай «әрекетке барып», өзіне жақын адамдарды татуластыруға тырысады. Сондай-ақ, ерекше адамдарға үрки қарауымыздың себебі менталитетте жатыр. Кеңес заманында адамдарды жындыханамен қорқытқан. Егер бір адамның бойынан осындай кінәрат табылса, одан теріс айналатын болған. Екінші жағынан «норма» деген түсінік әркімде әртүрлі. Біреуге бір стақан сүт жетуі мүмкін, ал екінші адамға үлкен шелекке құйылған сүт те аз», – деді маман. 

Бұдан өзге Анна Құдиярова әр адамның бойынан кемшілік те, артықшылық та табылатынына тоқталды. Мысалы, бір адам жұмыста әріптестерімен жақсы болып жүріп, үйге келген соң өзгеріп сала беруі мүмкін. Ер адамдар әйеліне дөрекілік таныта бастайды.

«Орталығымыздағы жандарға бірде Йель университетінде шизофрения ауруына шалдыққан профессор әйелдің жұмыс істейтіні туралы айттық. Ол өзінің шизофренияға шалдыққанын жасырмайды. Ауырса да, дәрістерін ойдағыдай өткізіп, көптеген студентті білім нәрімен сусындатып жүр. Балалар осы туралы білген соң қатты таңғалды. Көкейлерінде «Біз де ерекше болғанымызға қарамастан, осындай жетістікке жете аламыз» деген ой пайда болды. Мұндай ауытқуы бар адамдар бар болғаны қоғамның өзін қабылдап, түсіністік танытқанын жөн көреді. Оларға қарым-қатынасымызды өзгертетін уақыт келді», – дейді Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова. 

Ауытқуы бар адамдарға арналған интернатта немесе орталықта тұрудың қиын екенін бенефициарлардың өзі де жасырмайды. Олар қоғамнан жырақта өмір сүрген кезде, көп нәрседен күдер үзетінін айтады. 

«Осы жоба аясында жұмыс істеп, өз бетімше өмір сүруді үйреніп жатқаныма төрт жылдың аясы болып қалды. Алғаш рет Айманов-Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан дәмханада жұмыс істедім. Сол жерде бір жылға жуық уақыт даяшы, еден жуушы және ыдыс жуушы болып істедім. Барлығы жақсы болып, жұмыс өзіме ұнады. Ал мені ментальды ауытқуы бар адамдар емделетін интернатқа жіберген кезде небәрі 19 жаста едім. Он жылға жуық уақыт сонда болып, ешқайда шықпағандықтан, бәрінен қол үзіп қалдым. Бірде интернат директоры маған Training Cafe жобасы туралы айтып берді. Кейін өз кезегімде сонда жұмыс істегім келетінін айттым. Қала әкімінің көмегімен Барахолка базарында дәмхана аштық. Бір жылға жуық уақыт донер жасап, көмекші болдым. Донерді өз бетіммен жасаған кездер ұнайтын. Ал қазір Желтоқсан мен Гоголь көшелерінің қиылысындағы «Эль-паб» мейрамханасында жұмыс істеймін», – дейді Зина Салтаева. 

сурет

Тағы бір бенефициар Алеша өз бетінше өмір сүріп, тәуелсіз болуға асығып жүргенін айтады. Бүгінде ол осы жоба аясында сыпырушы болып жұмыс істейді. 

«Маған жұмыс та, ұжым да қатты ұнайды. Мұнда үлкен отбасы болып жұмыс істейміз. Өз бетімше өмір сүріп үйренгім келеді», – дейді ол. 

2015 жылдан бері осы жобаның басы-қасында жүргендердің бірі – Бақытжан Құдияров. Ол жобаның әкімшілік ұжымында 11 адам, ал техникалық ұжымында 25-ке жуық адамның барын айтады. Осы орайда ол алдағы жоспарларын бөлісті. 

«Біз Алматы қаласының әр аудынанда осындай дәмхана ашуды жоспарлап отырмыз. Келушілер тарапынан бенефициарларға деген көзқарас әртүрлі. Біреулерге бәрібір болса, енді екіншілері барынша түсіністік танытады. Жеке өзім қалыпты және ерекше адамдарға деген қарым-қатынас бірдей болуы тиіс деген пікірдемін. Мұны қазір қалада жұмыс істеп тұрған Training Cafe қонақтарына түсіндіре алдық деген ойдамын. Қалыпты адамның да жаңа ұжымға келгенде қиналатыны бар, өзін біртүрлі жайсыз сезінеді.

Бастапқы кездері келушілермен де, қалыпты қызметкерлермен де ара-тұра кикілжің болғаны есімде. Осындай да көмек көрсету үшін арнайы психолог-психоаналитик мамандар жұмыс істейді. Меніңше, қоғамның мұндай жобаларға деген дайындығы ерекше адамдар туралы «білетінімен» тікелей байланысты. Соңғы жылдары мемлекетіміздің қоғамдық өмірінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Бұған БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы конвенцияны ратификациялауы мысал бола алады», – деп қорытты Бақытжан Құдияров. 

Осы орайда, ол барша алматылық пен Алматы қонақтарын «Эль-паб» мейрамханасына келіп, ерекше жандарға өзін қоғамның бір мүшесі сезінуге көмектесуге шақырды. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

stan.kz

Загрузка...