Азаттық тілшісі Сәния Тойкен апелляциялық сотқа сенімсіздік білдірді

0

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен «полицияға бағынбады» деп айыппұл салған Жаңаөзен қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының шешіміне түсірген апелляциялық шағымын қарайтын Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы құрамына сенімсіздік білдірді. Журналист сотта құқым бұзылды деп санайтындықтан сот отырысына қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.

Тойкеннің сөзінше, 2 сәуірде облыстық сот алқасына өзінің апелляциялық шағымын басқа іске байланысты Ақтаудан шұғыл кетіп қалған адвокатының қатысуынсыз қарауға келіспейтінін айтып, сот отырысын сәрсенбіге қалдыруды сұрап өтініш айтқан. Сот оны қанағаттандырмаған соң Тойкен облыстық сот алқасының төрағасымен қоса бүкіл құрамына сенімсіздік білдіретінін айтып шағым түсірген.

— Мен облыстық соттың апелляциялық алқасының тұтас құрамына сенімсіздік білдіретінімді айтып өтініш бергем. Бірақ ұйғарымда тек судьяға қарсы болып отыр деп жазыпты. Бұған қоса адвокатым келгенше сотты сәрсенбіге қалдыруды сұраған өтінішім де қанағаттандырылмады. Өз құқым өрескел бұзылып отыр деп санайтындықтан бұл сот отырысына қатысудан бас тарттым, — деді Сәния Тойкен.

2 сәуірде Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев шығарған ұйғарымда Сәния Тойкеннің апелляциялық шағым бойынша істі судья Кәзила Сағындықованың қарауына қарсылық білдірген өтініші қанағаттандырылмайтыны айтылған.

Сейсенбі күні түстен кейін апелляциялық сот отырысы шағым иесі Сәния Тойкен мен оның өкілінің қатысуынсыз жалғасқан.

Журналист Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымы бойынша Маңғыстау облыстық сотының отырысы сәуірдің 1-і күні өтуі тиіс еді. Сол күні судья Кәзила Сағындықова журналистің үстінен хаттама толтырған полицейлерді куәгер ретінде қатыстырып, қайта тергеу үшін апелляциялық шағымды қарауды кейінгі қалдыруды сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Тойкен мен адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің қарсылығына қарамастан сот отырысын кейінге қалдырған болатын.

12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен соты «полицияға бағынбады» деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында — ред.) көлемінде айыппұл салған.

Сәния Тойкен өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол соңғы бір айда бірнеше рет ұсталды.

27 ақпанда Жаңаөзенге тұрғындар наразылығынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілері – Сәния Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қаласындағы полиция департаментіне жеткізген. Оларға хаттама көрсетпестен тергеп, алты сағаттан кейін босатқан. Полиция ол кезде журналисті ұстауға «Шаудирова есімді азаматтың арызы себеп болды» деген.

12 ақпанда Астанада бірнеше анадан сұхбат алуға олардың үйіне барған Сәния Тойкенді полиция басқармасына алып кеткен.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир, «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистер мен блогерлерді қудаламауға шақырды.

ЕҚЫҰ өкілі «әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс» деп мәлімдеген.

2017 жылы Сәния Тойкен журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған «Журналистикадағы батылдығы үшін» сыйлығын иеленген. Ол — бұл сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

Azattyq